Қазақстандықтар ірі жобалардың инвесторы бола алады – Премьер-министр
Қазақстанда салынып жатқан нысандар мен ірі жобаларды цифрлық үлестерге бөліп, оған жеке инвесторлардың қаржы салуына мүмкіндік беру көзделіп отыр. Сонымен қатар цифрлық теңгенің қолданылатын аясы кеңейіп, майнингке газ бен көмірден өндірілетін электр қуатын пайдалану қарастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік, шикізат және басқа да активтерді цифрлық үлестерге бөлу арқылы қосымша қаржы тартуға болады.
"Салынып жатқан кез келген нысанды немесе жобаны инвесторлар қаржыландыратын цифрлық үлестерге бөлуге болады. Мұндай ірі жобаға кез келген адам акционер ретінде қатыса алады", – деді премьер-министр.
Ұлттық банк енді осы тәсілмен инвестиция тартуға болатын активтердің нақты тізімін анықтауы керек.
Сондай-ақ Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке цифрлық теңгенің қолданылатын аясын кеңейту тапсырылды. Премьер-министр оның криптовалютадан айырмашылығы – Ұлттық банк шығаратын заңды төлем құралы екенін атап өтті. Цифрлық теңгені мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау үшін де пайдалану көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, майнинг орталықтарын электрмен қамтамасыз ету үшін газ және көмірден өндірілетін қуатты пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Премьер-министрдің сөзінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан биткоин майнингіне қатысу үлесі бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кірген.
Цифрлық активтермен байланысты алаяқтыққа қарсы шараларды да күшейту тапсырылды. Жасанды интеллект министрлігі мен Ұлттық банк азаматтарды цифрлық ортада қорғау және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс жүргізбек.
"Миллиондар жоғалттым": Қазақстандықтар трейдингпен айналысамын деп сан соғып қалғандарын айтты
