Lotte Алматыда қонақ үй салып, Alatau City жобасына қатыспақ
Оңтүстіккореялық Lotte Group Қазақстандағы жұмысын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания Алматыда Lotte брендімен алғашқы қонақ үйін салмақ, Alatau City-дегі Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесуде Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte компаниясының екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа қосып отырған үлесін атап өтті. Әсіресе компанияның Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі саласындағы жұмысына жоғары баға берді.
"Рахат" брендін дамыту, Алматы мен Шымкенттегі өндіріс орындарын жаңғырту жұмыстарына да тоқталды.
Сонымен қатар Lotte Global Logistics компаниясының Қазақстандағы көлік-логистика саласын дамыту, еліміздің өңірлік және халықаралық нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін жобалары талқыланды.
Кездесуде қонақ үй бизнесі де сөз болды. Президент Алматыда Lotte брендімен салынатын алғашқы қонақ үй құрылысы жобасын қолдады. Бұл бастама компанияның Қазақстандағы жұмысын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
Өз кезегінде Дон Бин Шин Lotte компаниясының Қазақстанға тамақ өнеркәсібі, логистика және қонақ үй салаларына инвестиция салу жоспары бар екенін жеткізді. Сондай-ақ компанияның Alatau City жобасына, оның ішінде Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында "Алатау" цифрлық мегаполисін дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өткен.
"Миллиондар жоғалттым": Қазақстандықтар трейдингпен айналысамын деп сан соғып қалғандарын айтты
