Жеңілдетілген автонесие: Бір күнде 2200-ден аса қазақстандық өтініш білдірген
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша бір күн ішінде 2200-ден аса қазақстандық көлік алуға өтініш білдірген. Бұл туралы ИИДМ индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков үкімет кулуарында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: zhaikpress.kz
Бұл әзірге жұмысты бастап кеткен екі банкке түскен өтініштер саны ғана. Тағы екі банк осы аптаның ішінде қатарға қосылады.
"Өтінімдерді қабылдауды кеше бастадық. Екі банк - ЦентрКредит Банкі және Еуразиялық банк - автонесиелеу бойынша өтініштерді қабылдай бастады. Екі банкке 2200-ден аса өтініш түсіп, қазір өңделу үстінде. Қалған екі банк бойынша корпоративтік жұмыстар аяқталуда. Процедуралар аяқтала салысымен, жақын арада олар да кіріседі", - деді Сапарбеков.
ЦентрКредит Банкі 1000-нан аса, ал Еуразиялық банк 1200-ден аса өтініш қабылдаған. Сондай-ақ жақын арада бағдарламаға қатысатын банктер қатары көбеюі мүмкін. Қазіргі уақытта келіссөздер жүруде.
Еске сала кетсек, жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасы 16 мамырда басталды. Оның шарты бойынша кез келген қазақстандық автомобильді жылдық 4%-пен сатып ала алады.
Автонесие 10 миллион теңгеден аспайтын сомаға және 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна 0%-тен басталады. Көліктің жалпы құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бағдарлама бойынша төрт банк өтініш қабылдайды.