"Жазба үшін соттау керек деген даулы сұрақ": Депутаттар Темірлан Еңсебектің қамауға алынуына қатысты пікірлерін жеткізді
Сатиралық ақпарат тарататын Qaznews24.kz парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің қамауға алынуы қоғамда қызу талқыға түсті. Еңсебекке ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылған. Дегенмен желі қолданушылары парақша авторына тағылған айыптың "саяси астары" барын жарыса жазып жатыр. Осы орайда Stan.kz тілшісі Темірлан Еңсебектің ұсталуына қатысты депутаттардың қандай пікірде екенін біліп көрді.
Фото: Instagram / QazNews24
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Telegram-парақшасында "Тоқаев режимі саяси сатираны мүлдем көтере алмайтынын тағы да дәлелдеді" деп жазды.
"Темірлан Еңсебекті екі айға қамау шешімі шықты. Осылайша, Темірланның бостандығын бірнеше жылға шектеу немесе оны 7 жылға соттау қаупі төніп тұр. Тереңірек қарасақ, бұл – Темірлан арқылы режимнің абсурдымен келіспейтін азат ойлы азаматтарды жазалау, қорқыту, еркін ойлауға тыйым салу амалы. Тарихтан асқан ұстаз жоқ. Адамзат тарихында қаншама қатыгез диктатуралар мен автократиялар болған. Олардың ешқайсысының қолынан елдегі бүкіл азаматтың еркін ойлауын шектеу келмеген", – деп жазды ол.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Темірлан Еңсебектің Qaznews24.kz парақшасында "сатиралық контент" екені көрсетілгенімен, жарияланған ақпараттар сатираға жатпайтынын айтады.
"Бұл жігітті жеке танымаймын. Егер қоғамда саяси-қоғамдық тақырыпты тудырып жүрсе, бірден көруім керек еді. Бірақ осындай жағдайға тап болғанда зерттеп көрдім, парақшасында "сатира" екені көрсетілген. Бірақ бұл сатира емес, ішінде неше түрліні көрдім. Бірінші бетіне сатира деп қойып, ойыңа келгеннің бәрін айта беруге болмайды. Сөз бостандығы тұрмыстық, әлеуметтік, қоғамдық ортада іріткі салмауы керек. Егер халық пен халық, ұлт пен ұлттың арасына іріткі салатындай сөз бостандығы болса, мұндай сөз бостандығы қаншалықты қажет? Әзірге тергеу не үшін ұсталғанын айтпады. Желіде тараған "Йоу, орыстар" деп басталатын әнді тыңдап, жағамды ұстадым. Дәл осындай контентте сөз бостандығын еркіне жіберуге болмайды", – деді Ермұрат Бәпи.
Мәжілісмен Ринат Зайытов "Темірлан Еңсебектің қамауға алынуы сөз бостандығын шектеу" деген пікірмен келіспейтінін айтады. Дегенмен желідегі жазба үшін қамау дұрыс емес дейді.
"Әдебиет адамы ретінде айтамын, бұл баланың контентінен сатира көрмедім. Әрине, интернеттегі жазба үшін соттау керек деген де даулы сұрақ. Түрлі жолы бар, айыппұл сал, парақшасын бұғаттап таста, бірақ қамау емес. Екі жақта да қате бар. Шынымды айтайын, бұл парақшадан сатира көрмедім. Егер біреу "Ринат, сен қателесесің. Әдебиеттің мына жанрында, мынау сатираға жатады" десе, кінәмді мойындауға дайынмын", – деп ойын жеткізді Ринат Зайытов.
Ал журналист әрі мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өзге ұлтты балағаттау сатираға жатпайды деген пікірде.
"Қазақтың сатирасы шен-шекпенділердің әрекетін ащы күлкімен сынайтын еді. Қазір талқыланып жатқан контенттің (Qaznews24.kz парақшасы жайында – ред.) сатира немесе сатира емес екені автордың өз тұжырымына сәйкес. Бірақ сіз де менімен келісетін шығарсыз, өзге ұлтты балағаттау сатираға жатпайды. "Сатира қылмыс емес" деген жазбаларды мен де көрдім. Иә, сатира қылмысқа жатпайды. Мен мұны сатира деп санай алмаймын. Құқық қорғау органдары заңға сәйкес өз қорытындысын жасайды. Мұнда арнайы әдеби сараптама да жасалады, қылмыстық жауапкершіліктен бөлек. Сотқа жетсе, әділ шешім қабылданады деген ойдамын. Ешкімнің құқығын таптамай, нақты заң жүзінде бұл мәселе реттеледі деп ойлаймын. Өзге ұлт өкілі біздің елге қатысты дәл осындай нәрсе айтса, жауапсыз қалдырмайтын едік", – деп түсіндірді Нартай Аралбайұлы.
Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған.
Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram-парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді.