Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарақат алсаң, ешкімге керек емессің": Абзал Әжіғалиевтің мәлімдемесіне Ұлттық Олимпиада комитеті жауап берді

Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев өз Facebook парақшасында жариялаған жазбада жарақат алған спортшыларға көмек көрсетілмейтінін айтқан еді. Спортшының бұл сынына Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры жауап беріп, мұндай мәселенің шынымен бар екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Елсияр

Елсияр Қанағатовтың сөзінше, жарақат алған спортшыға қаражат бөлінбейтіні рас екен. Ол аталмыш мәселенің шешімді қажет ететінін де қосып өтті. 

"Емдеу үшін тікелей ақша бөлінбейді. Бірақ кей спортшыларға демеушілер мен федерация тарапынан көмек көрсетіледі. Бірақ осы мәселені дұрыстап қарау керек. Бұл – біздің қателік. Спортшы жарақат алса, жалғыз қалмауы қажет, көмек көрсетілуі керек",  – деді Елсияр Қанағатов. 

Брифинг кезінде журналистің сұрағына жауап берген Қанағатов Абзал Әжіғалиев атаған дайындық орындарына қатысты мәселелердің тек шорт-тректе емес, өзге де қысқы спорт түрлерінде бар екенін айтты.

“Фристайл-акробатикада да, могулда да дайындалатын орын жоқ. Нақты айналысатын кезде ғана ақша бөлінеді. Олимпиада алдында Шымбұлақта арнайы трамплин жасалды. Өкінішке орай, тұрақты дайындық орындары тапшы. Мұның барлығы шынымен бар нәрселер"”, – деп қосты ҰОК спорт дирекциясының директоры. 

Сөз соңында Қанағатов келешекте Әжіғалиев атаған мәселелерді шешу керек екенін мәлімдеді. 

Айта кетейік, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Facebook парақшасында жариялаған жазбасында қысқы спорттағы бірнеше мәселені атаған. Солардың бірі спортшылардың жарақат алуы еді. Абзалдың сөзінше, жарақаттанған спортшы “ешкімге керек емес”. 

Талқылау