Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда мұз сарайы салынған, бірақ жаттығуға рұқсат бермейді": Абзал Әжіғалиев Олимпиададағы сәтсіздік себебін түсіндірді

Қазақстандық спортшы, Қысқы Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев Facebook парақшасында жазба жариялап, жанкүйерлеріне алғыс айты. Сонымен қатар шорт-трекші қыстың басты додасында неліктен жүлде жеңе алмағандарын түсіндіріп, бірнеше себебін атады. Спортшының сыны жауапсыз қалмады, көп уақыт өтпей Спорт министрлігі өз жауабын берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Абзал Әжіғалиев

Абзал Әжіғалиев өз жанкүйерлеріне алғыс айта отырып, шорт-трекшілердің мысалында отандастарымыздың жарыста жеңіс тұғырына көтеріле алмау себептерін атады. 

Спортшының бірінші айтқаны – мұз айдыны. Оның сөзінше, Қазақстанда шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін тек "Алау" мұз сарайы ғана бар екен. Алайда мұнда да тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді дейді. 

"Біз сондықтан, амал жоқ, Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. “Алауда” барлығы керемет болғанымен, ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан, барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды", - деді Әжіғалиев. 

Шорт-трекші тек Олимпиада алдында ғана емес, үнемі дайындалатын орын қажет екенін айтады. Сонымен қатар ол қысқы спорт түрлеріне арналған базаның жоқтығын да қосып өтті. 

"Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да “Алаудағыдай”. Бос уақыт жоқ, ақша жоқ...", - деді ол.

Әжіғалиевтің сөзінше, спортшыларға қажетті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген нормада алып береді. Мұндай мәселеге Токио Олимпиадасында садақшылар да тап болған. Бірақ министрлік те, басқармадағылар да бұл мәселеге назар аудармайды дейді ол. 

"Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велоқондырғы, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме құрал-жабдыққа келіп тірелгенде мемлекеттік сатып алу процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған қосалқы бөлшектерді сатып әпереді. Немесе біз “заңда рұқсат етілмеген” деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға алуға тура келеді. Себебі, біз жабдық жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе.", - деді шорт-трекші. 

Әжіғалиев бұл мәселені көтеріп, облыстық спорт басқармасынан велосипед алып беруін сұраған. Бірақ кейін "тым қымбат" деген. Демеушілер де сұраныстарын жауапсыз қалдырыпты. 

"...Біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз", - дейді Әжіғалиев.



Абзал Әжіғалиев 2018 жылы өткен Олимпиадада жарақат алғанын, ұзақ уақыт өз қаржысына емделгенін де айтты. Сол уақытта құрамадан шеттетілген ол "жарақат алсаң ешкімге керек емессің" дейді. 

"Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нәтижесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң талап та жоғары. Соңында бәрі, жанкүйерлер де қысқы спорттан келіп сондай нәтиже күтеді", - деп түйіндеді Абзал Әжіғалиев. 

Шорт-трекшінің сынынан кейін жауап берген спорт вице-министрі Серік Жарасбаев аталған мәселелердің бір бөлігі шындық екенін жасырмады. 

"Бүгінде мұзы бар ірі нысандардың көбісі жеке меншікке берілген. Сол себепті ұлттық құраманың дайындық жасау жағынан мәселелер бар. Дегенмен Мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы мәселені шешуге тырысып жатыр", - дейді Серік Жарасбаев. 

Вице-министр шорт-трекшілерге "Алаудағы" мұз айдыны Олимпиадаға бір ай қалғанда берілгенін мойындады. 

"Шынында, олар бір ай қалғанда "Алауда" жиналған болатын. Себебі пандемияға байланысты спортшылардың барлығы карантинде болды. Алайда бұған дейін шорт-трекшілер әлемдік жарыстарға барып, үздік спортшылармен күш сынасқан. Медаль алды, оны да ескеру керек", - деп қосты Жарасбаев. 

Вице-министрдің сөзінше, жақсы нәтиже күткен өзге спорт түрлеріне қажетті жағдай жасалған. Ал қазір Бейжің Олимпиадасындағы нәтиженің Корея мен Сочидегі Олимпиададан да төмен болу себебін қарастырады екен. 

"Өткен Олимпиадаларда біз қола медаль жеңген едік", - дейді ол.

Жарасбаев Әжіғалиевтің дайындықтың тек жарты жыл бұрын ғана басталады деген сынын жоққа шығарды. Сонымен қатар ол спортшылардың дайындықтары шетелде ұйымдастыралытынын қосып өтті. 

"Олимпиада ойындары аяқталған соң келесі Олимпиадаға дайындықты бастаймыз. Біз "Милан 2026" бағдарламасын дайындап жатырмыз. 25 ақпанда министр спорт резервін дайындау бойынша нақты қадамдарды ұсынады. Әрі қаржы бөлу мен спорттық жабдықтарды дайындау мәселесін де айтады", - деп қосты вице-министр. 

Серік Жарасбаев Олимпиадаға дайындықты Ұлттық Олимпиада комитеті жүргізгенін, қажетті жағдайдың жасалғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек ақша жымқыру мәселесін де қозғап, қазір барлығы бақылауда деп сендірді. 

"Қазір жаңа мамандар жұмыс істеп жатыр және мемлекеттік органдардың іс-әрекетін бақылаудамыз. Ақша жымқыруға жол бермейміз", - деді Жарасбаев. 

Айта кетейік, бұған дейін фристайл-акробатшылар Қысқы Олимпиадада жүлде ала алмау себебін түсіндіріп, шамадан тыс артық тырысқандарын айтқан.

Талқылау