Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағылшынша сөйлей алмаса, араласпайды": Баян Мақсатқызы қызы Айаруға қандай жігіт керек екенін айтты

Баян Алагөзова мен Айару
Фото: Iinstagram.com/bayanmaxatkyzy/

Продюсер Баян Мақсатқызы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында қызы Айару Бақытбектің жеке өмірі туралы айтып, оның болашақ жарының қандай болуы керегін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, мәселе жігіттің байлығы мен әлеуметтік мәртебесінде ғана емес, ең алдымен білімі, дүниетанымы мен ортақ қызығушылықтарында. Продюсер Айарудың өзімен тең дәрежеде әңгіме құра алатын, көзі ашық, білімді азаматты қалайтынын айтты.

“Айару ең болмағанда ағылшын тілінде сөйлей алмайтын жігітпен араласпайды. Бұл – оның талабы”, – деді Баян Мақсатқызы.

Продюсердің айтуынша, қызы әдебиетке, өнерге, классикалық музыкаға, саяхат пен спортқа қызығады. Сомерсет Моэм, Лев Толстой, Федор Достоевскийдің шығармаларын оқыған, әлемнің белгілі музейлерін аралаған.

“Ең болмағанда онымен әлемдегі музейлер туралы сөйлесе алуы керек. Өйткені Айару олардың көбінде болған, оған бұл тақырып қызық. Классикалық музыка жайында да әңгімелесе алғаны жөн”, – деді ол.

Айару Стравинский, Моцарт, Бах, Бетховен секілді композиторлардың шығармашылығын жақсы біледі. Сонымен қатар гольф ойнайды, шаңғы тебеді.

“Қалай ойлайсыздар, ол қандай жігітпен араласуы керек? Кем дегенде өзімен деңгейлес адаммен. Қарапайым жігіттермен көбіне тіл табыса алмай қалады”, – деді продюсер.

Баян Мақсатқызы мұнда адамның бай-кедейлігінен гөрі өмір салты мен қызығушылықтарының үйлесуін меңзейтінін айтты. Өйткені екі адамның тәрбиесі, ортасы мен өмірге көзқарасы тым алшақ болса, ортақ тіл табысу да қиындай түседі.

Айару Бақытбек Калифорния мемлекеттік университетінің Лонг-Бич кампусын тәмамдап, бакалавр дәрежесін алған. Қазір де білімін жалғастырып жүр. Бұған дейін француз тілін үйренсе, қазір неміс тілін меңгеріп жүр. Фортепианода ойнайды.

Қазір Айару жарты жылға Францияға барып, кондитерлік өнер бойынша кәсіби білім алып жатыр. Болашақта алған білімін жеке кәсібіне пайдаланбақ.

Баян Мақсатқызының айтуынша, қызы Қазақстанға оралған соң кондитерлік бағытта өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өзінің рецептері бойынша жартылай дайын өнім шығаруды да қарастырып жүр.

“Мен оған “Мұның бәрі саған не үшін керек? Онсыз да қаншама рецепт білесің ғой” дедім. Ал ол кәсіби сертификат алып, өз кондитерлік кәсібімді ашқым келеді деп жауап берді”, – деді продюсер.

Баян Мақсатқызы қазіргі білімді қыздарға өмірлік жар таңдау оңай емес деп есептейді. Оның ойынша, бүгінде қыздар өз шекарасын жақсы біледі, қарым-қатынасқа саналы қарайды және болашақ серігін таңдағанда тек сезімге ғана емес, ортақ құндылықтарға да мән береді.

Продюсер отбасында ерлі-зайыптылардың ортақ қызығушылығы болғанын, ал ер адамның жауапкершілікті өз мойнына алып, бала тәрбиесіне белсенді араласқанын маңызды санайды.

Дегенмен қызының жеке таңдауына араласпайтынын да айтты.

“Кімді таңдайтынын Айарудың өзі шешеді. Мен оны бақылап, біреуді таңып отырмаймын. Бірақ маңызды шешімдерін менімен ақылдасып отырады”, – деді Баян Мақсатқызы.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Баян Алагөзова дінге көзқарасы мен Тәңір философиясына жақын екенін айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жексенбі, 13 Қыркүйек, 2026 12:14