Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – нағыз сорақылық болды": Даяшыға дөрекі сөйлегені үшін басы дауға қалған блогер BekaEasy кешірім сұрады

Блогер Бекзат Елеусізов
Фото: Instagram.com/bekaeasy

Көпшілікке BekaEasy лақап атымен танымал блогер әрі актер Бекзат Елеусізов Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған оқиғадан кейін сынға қалды. Әлеуметтік желіде тараған видеода блогердің даяшыға дөрекі сөйлеп, өзін әдепсіз ұстағаны айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде видеоны жариялаған бойжеткеннің сөзінше, ол блогер мен мекеме қызметкері арасындағы жағдайды көріп, араласуға мәжбүр болған.

“Блогердің даяшыны қорлап, орынсыз әрекет жасап жатқанын көргенде, бірден жанына бардым”, – деп жазды видео авторы.

Кадрлардан ер адамның даяшыға қатқыл сөйлеп тұрғанын көруге болады.

Бекзат Елеусізов туралы пост
Фото: Скриншот / Threads

Желі қолданушылары оның әрекетін сынап, қызметкерді қорлауға ешкімнің құқығы жоқ екенін жазды. Кейбір оқырман блогерді жауапкершілікке тартуды талап етсе, енді бірі даяшыны қолдап пікір қалдырған.

“Бәріміз оның парақшасына шағымданайық! Адаммен осылай сөйлесудің қандай екенін өзіне де көрсетейік”, “Фу, сұмдық екен. Даяшыны аяп кеттім”, “Шектен шығып кеткен. Мұндай қарым-қатынасы үшін жауапқа тарту керек. Ешкімнің адамды кемсітуге құқығы жоқ”, – деп жазды желі қолданушылары.

Кейін видео авторы болған жағдайға байланысты арыз жазуға ниетті екенін де мәлімдеген.

“Өте жиіркенішті әрекет”

Ал бірнеше күн үнсіз қалған Бекзат Елеусізов әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, әрекеті үшін кешірім сұрады. Ол өз қылығын ақтауға тырыспайтынын айтып, болған жағдайды “өте жиіркенішті әрекет” және “нағыз әдепсіздік” деп бағалады.

“Ең алдымен, дөрекі сөйлескен мекеме қызметкерінен кешірім сұрағым келеді. Мен онымен кездесіп, кешірімімді айтып қойдым. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін. Сондай-ақ осы видеоны көрген барша адамнан кешірім сұраймын”, – деді блогер.

Оның айтуынша, бірнеше күн бойы үнсіз жүруінің себебі оқиғадан жасырыну емес, алдымен даяшының байланыс нөмірін тауып, онымен жеке сөйлесуге тырысқаны болған.

Блогер полиция бөліміне барғанын және сот алдында жауап бергенін де айтты.

“Балағат сөз айтқаным үшін сот болды. Айыппұлды төледім”, – деді ол.

Сондай-ақ Елеусізов оқиғаны видеоға түсірген бойжеткеннен де кешірім сұрап, онымен жеке кездескісі келетінін жеткізді.

“Сізбен байланыса алмадым. Егер бұл видеоны көріп отырсаңыз, маған хабарласыңыз. Жеке кездесіп, шын көңіліммен кешірім сұрағым келеді”, – деді блогер.

BekaEasy соңғы он айда анасының қазасынан кейін ауыр кезеңді бастан өткеріп жүргенін де айтып өтті. Оның сөзінше, кей кездері жалғыз қалып, ішімдік ішу арқылы жан күйзелісін басуға тырысқан.

Дегенмен блогер мұны өз әрекетін ақтайтын себеп деп санамайтынын атап өтті.

“Бұл – менің ғана мәселем. Оның кесірінен басқа адамдар зардап шекпеуі керек. Өзімді түзеткім келеді. Мамандарға жүгініп, осы мәселемен жұмыс істеймін”, – деді ол.

Елеусізов даяшыдан кешірім сұраған сәтін әдейі видеоға түсірмегенін де айтты. Оның сөзінше, болған жағдайды контентке айналдырмай, қызметкерден “адам сияқты” кешірім сұрауды жөн көрген.

“Өзімді ақтап, жұртқа жақсы болып көрінгім келмейді. Айтқанымның бәрі шын көңілімнен шығып отыр. Егер кешіре алсаңыздар, мені кешіріңіздер”, – деп түйіндеді блогер.

Бекзат Елеусізов кім?

Бекзат Елеусізов – әлеуметтік желіде BekaEasy атымен танылған қазақстандық актер әрі блогер. Ол киноға 2010 жылдардың соңында түсе бастады.

Актер “Каникулы off-line”, “Каникулы off-line 2” комедияларында, сондай-ақ “Аташка на хайпе” және “Время патриотов” фильмдерінде бой көрсетті. Бұдан бөлек, “Каникулы off-line 3” және “Женюсь на дочке богача” картиналарында да рөл сомдаған.

Бекзат әлеуметтік желіде әзіл-сықақ образдарымен кеңінен танылды. Оның Instagram парақшасына 420 мыңнан астам адам жазылған.

Блогер видеоларында мұғалім, “бәрімізге таныс апайлар” секілді түрлі кейіпкерлерге еніп, күнделікті өмірден алынған әзілге толы роликтер жариялап отырады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жексенбі, 13 Қыркүйек, 2026 12:50