Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент отбасының мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт екенін атап өтті. 

“Қымбатты отандастар! Отбасы күні құтты болсын! Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді. Үлкендердің даналығы мен парасат-пайымы жастарға өмірлік бағдар болады, жанашыр жандардың қолдауы әрдайым күш-қуат береді. Осылайша, біз салт-дәстүріміз бен төл құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың мәдени діңгегін және рухани тұтастығын нығайтып келеміз”, – деді ол. 

Құттықтауда жазылғандай, 1 шілде күні заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болады. Конституцияда балалардың құқығын, әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге баса назар аударылды. Тұңғыш рет "неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы" деген норма көрініс тапты. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды.

“Бала тәрбиесі мәселесіне зор жауапкершілікпен қарау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің маңызды миссиясының бірі. Бұл – адам капиталын нығайтудың, яғни еліміздің әлеуетін арттырудың басты шарты. Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, сондай-ақ заң мен тәртіпке бағынудың, табиғатты аялаудың, қоғамдық орындарда тазалықты сақтаудың, жас буынның бойына халқымыздың озық дәстүрлерін сіңірудің ерекше мән-маңызы, ең алдымен, отбасындағы тәлім-тәрбие арқылы дәріптеледі. Бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастырамыз”, – делінген құттықтау мәтінінде. 

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып, мақсат-міндеттерімізге қол жеткізетінін атап өтті. Сондай-ақ әр шаңырақ бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынына кәміл сенетінін айтып, барша азаматқа зор денсаулық, толайым табыс тіледі. 

Назархан Уән
Жексенбі, 13 Қыркүйек, 2026 08:15