Жаңаөзенде мұнай компаниясында өрт болып, жұмысшы тірідей жанып кетті (видео)
Жаңаөзенде "Кезби" ЖШС компаниясының 43 жастағы жұмысшысы қаза болды. Бұған дейін жұмысшылар бірнеше рет жалақының аздығын айтып, шағымданған компанияда өрт болып, жұмысшы тірідей жанып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"14 маусымда сағат 23.50-де Жаңаөзен қаласынан 40 шақырымдағы "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына тиесілі №2 мұнай-газ өндіру басқармасы аумағында №9180 ұңғыманы тоқтату барысында АПРС-40 көтергіш қондырғысы жанған. Өрт 15 маусымда сағат 00:51-де сөндірілді. Оқиға орнынан жанған адамның мәйіті табылды" деп хабарлады Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз орталығы", – деп мәлімдеді Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Марқұм 1979 жылы туған, Бейнеу ауылының тумасы. "Кезби" ЖШС-де жүк тиегіш машинисі болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға орнынан түсірілген видеоны Жаңаөзен қаласының тұрғыны өз парақшасында жариялады.
- "Қорыққанынан 5-қабаттан секіріп кеткен": Түркістан облысында пәтер өртеніп, 8 жасар бала көз жұмды
- Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" ғимаратының алдында екі ер адам өздеріне пышақ тығып алды
"Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды, техниканың бәрі ескі, осы мәселені көтеріп Астанаға да бардық, бірақ сөзімізге ешкім құлақ асқан жоқ. Ал соңы адам өлімімен аяқталды", - деп жазды Нұрсұлтан Нұрымұлы есімді азамат.
Айта кетейік, "Кезби" ЖШС жұмысшылары былтыр және биылғы көктемде бірнеше рет ереуілге шыққан. Компания басшылығы оларды сотқа беріп, ереуілді заңсыз деп таныған.
Кейін "Кезби" ЖШС жұмысшыларының талаптарын орындағанын хабарлағанымен, 150-ге жуық адам ереуілдерін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ компания ереуілге шыққандардың орташа жалақысы 674 мың теңгені құрайтыны туралы ақпарат таратқан.