Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңадан құрылған Ұлытау облысына қандай қалалар мен аудандардың кіретіні белгілі болды

Қарағанды облыстық мәслихатының XII, кезектен тыс сессиясында өңірдің жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі әкімдік сайтына сілтеме жасап.

караганды 2022

Жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарын енгізу ұсынылды. Облыс орталығы Жезқазған қаласы болады. Ал Қарағанды облысының құрамында Қарағанды, Балқаш, Сарань, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалалары, бұған қоса жеті аудан: Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандары қалады. 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыстың жаңа әкімшілік-территориялық бөлінісі талқыланған.

"Облыста Ұлытау облысын құру бойынша әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу алгоритмі әзірленді. Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 12-13 сәуірде жоғарыда аталған өңірлерді құрылатын Ұлытау облысының құрамына енгізу мәселесі бойынша мәслихаттардың қалалық және аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша тиісті бірлескен актілер алынды", - деді экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.



Ақпаратқа қарағанда, ғылыми сараптама жүргізіліп, ғалымдар облысты бөлудің дұрыс шешім екенін растаған. Қазір "экономикалық есептеулер жүргізіліп жатыр". Үкіметке Қарағанды облысының шекарасын өзгерту ұсынылады. Схемалық карта жобасы әзірленген.

"Шешім тексерілді. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірлері ескерілді", - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа жолдауынан кейін Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болған.

Талқылау