Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жан жолдасы видеоға түсірген!": Адвокат ауыз қуысынан шәует табылған сарбаздың өліміне қатысты тағы бір тың деректі жариялады

2022 жылы 19 тамызда Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында Бекбол Мираш есімді сарбаз өз-өзін өлтірген еді. Суицид жасаған жігіттің өлімінен кейін жедел іс қозғалып, сержант Айбек Нұртаев қамауға алынды. Күдіктінің адвокаты Сержан Пралиев Stan.kz ақпарат порталына берген эксклюзивті сұхбатында атышулы оқиғаға қатысты ел естімеген сұмдық тың деректерді ашық айтты.

 "Соңғы ақпаратта "Біз сексуалдық зорлық-зомбылықты растамаймыз, біз сенімдіміз" дейді Бас әскери прокуратура. Сонда қалай ол? Мен емес, сот-сараптама қызметі қорытынды шығарып отыр. Ауыз қуысында, іш киімінде және әскери шалбарында шәует (сперма) табылып отыр. Біріншіден, ол шәует қайтыс болған адамдікі және де басқа адамдардікі. Үшеуі табылды. Сондай-ақ үш адамнан басқа тағы ер адамдардың ДНҚ-сы бар. Сонда олар табылмай, неге мұндай ақпарат береді? Мен таңғалып отырмын. Бұлар не үшін сол сексуалдық зорлық-зомбылықты қарамайды? Қылмыстық кодексте 121-ші бап бар. Ол жерде ер адамға жасалған әрекеттің барлығы сексуалдық зорлық-зомбылыққа жатады", – дейді ол.

Сержан Пралиев атышулы оқиғаға қатысты түрлі тың мәліметтерді жинаған. Ол бұл іске асылып өлген сарбаздың әскерде бірге жүрген жерлесі әрі жан досының да қатысы барын болжап отыр. 

"Арақ ішкен бес адамның ішінде біреуі өлген сарбаздың жан жолдасы. Сол батыс жақтан. Сол досы марқұм сарбаз асылып қалғанын естіген сәтте бірінші мәйітіне бармаған. Алдымен телефон іздеген. Түнде сол жердегі бір сарбаздың телефонын сұраған екен. Сол телефонды қолынан жұлып алып, тас-талқанын шығарған. Ол телефон жоқ, таппаған. "Телефон қайда?" деп тергеушілер сұрағанда, ол "мені осылай тергесеңдер, мен де асылып өлемін" деген. Содан кейін ол куәгер емес, бірден жәбірленуші болып қалады", – дейді Сержан Пралиев.

Адвокаттың айтуынша, әлгі досы марқұмның мас кезін телефонның бейнекамерасына түсіріп, ертеңінде сол видеоны көрсеткен.

"Сарбаздар ақпараттың бәрін біледі. Олар айтып отыр, өлген сарбаздың жан жолдасы бірдеңені видеоға түсірген. Ол 18 тамызда түсірген, 19 тамызда әлгі асылып өлген сарбазға видеоны көрсеткен. Мен болжап отырмын. Соны көргеннен кейін қайтыс болған жігіт "шок" болған. Одан кейін мынаны өшір деген ғой. Ал жолдасы: "кетірмеймін, қазір бәріне көрсетемін" деген. Сол көрсетемін дегеннен кейін, ол барып асылып өліп қалған. Болды!" – дейді адвокат.

Адвокат Сержан Пралиевтің дәл осы атышулы оқиғаға қатысты эксклюзивті сұхбатының толық нұсқасын Youtube арнамыздан көріңіздер

 

Талқылау