Қазақстанда жалған жарнама жасаған өнер жұлдыздары жазалануы керек – Депутат
Жалған жарнама жасап, жұртты алдаған өнер жұлдыздары жазалануы керек. Мәжіліс қабырғасында депутат Нартай Сәрсенғалиев осылай деді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутатының айтуынша, елде қаржы пирамидаларының құрбандары көбейген. Оған жалған ұйымдардың үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізетін танымал тұлғалар себеп. Мысалы, өнер адамдары жарнамалаған "Л-Капитал" акционерлік қоғамына мыңнан аса адам салым салып, артынша алданып қалған. Олардың жалпы шығыны 10 млрд теңгеден асады.
“Халықтың ақшасын иемденіп, алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомcтвоаралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Өйткені бір жылда қаржылық пирамидалардан келген залал 2,1 есе көбейген.
2020 жылғы мамырда қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап, тізім жариялады. Оны бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз. Сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет”, – деп атап өтті Нартай Аралбайұлы.
Бұған дейін қаржылық пирамидаға қатысы бар вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сот қаулысымен бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.