Жахан Отарғалиев өзін көшеде таныған балақайға телефон сыйлады
Тырнақалды фильмін жарыққа шығарған Жахан Отарғалиев Қазақстан қалаларын аралап, көрермендерімен кездесу ұйымдастыруда. Фанаттарымен киноға барып, уақытын барынша тиімді пайдаланып жүрген Отарғалиев Орал қаласында қызық жағдайға тап болды. Актерді көшеде таныған 9 жасар жеткіншек оның көңілін баурап алды. Өз кезегінде Жахан баланың арманын орындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
9 жасар Арсен есімді балақай Отарғалиевті көшеден көріп, қуанып кетті.
“Актер ғой, Жахан. Джохан сила", – деп айқалаған жеткіншек онымен суретке түсуге ниет білдірді. Мектептен бірге қайтып бара жатқан достарын шақырып:
"Телефоны барлар, суретке түсіріп алыңдаршы. Сосын "4В" тобына жіберіңдер", – деп жұртты бір күлдірді.
Баланың пысықтығына таңырқаған Жахан оған риза болды. Арсен өскенде Жахан сияқты актер болғысы келетінін айтты. Көп ұзамай, Жахан Арсенді тауып алып, оған телефон сыйлады.
"Телефонсыз жүргеніме 9 жыл болды. Басқалардың телефонынан қарап жүрмін", – деген бала Отарғалиевті тағы да күлдірді.
"Менің кішкентай көрерменім. Арсен бұйырса Оралдың атын шығаратын азамат болады деп ойлаймын.
Арсен інімді тауып алып, танысып, әңгімелесіп, кішкентай інімнің арманын орындап, сыйлық жасадық. Аман жүр, інім", – деп тілек білдірді Жахан.