Жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Рашид Теңізбаев моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық шағым түсірді Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Арыз бойынша, Алтай Жүнісовке келтірілген материалдық шығын – 109 миллион теңге. Бұл сома Жүнісов 50 миллион теңге алып, кепілге қойған үйдің құнынан құралған. Ол бұл ақшаны бірден Гүлмира Сатыбалды компанияларының бірінің директорына аударған. Артынша жәбірленуші 59 миллион теңгеге үйді сатып алуға мәжбүр болған. Алтай Жүнісовке келтірілген моральдық шығын 100 миллион теңгеге бағаланды.
Ал Қасым Жүнісовке келтірілген материалдық шығын көлемі 233 млн 966 мың теңге. Бұл – жәбірленушіге сатылған Toyota Land Cruiser 200 автокөлігі мен түрлі құрылыс техникасының жалпы сомасы. Сонымен бірге қорғаушы тарап Қасым Жүнісовке келтірілген моральдық шығынды 100 миллион теңгеге бағалап отыр.
Ең үлкен талап-арыз осы істе басты жәбірленуші – кәсіпкер, Гүлмира Сатыбалдымен бірге құрылыс холдингінің ортақ иесі және оның туысы Абай Жүнісовтің атынан жасалды. Оған келтірілген материалдық шығын 2 миллиард 662 миллион 951 мың теңгеге бағаланып отыр.
”Бұл сомаға жәбірленушінің түрлі компаниялардағы үлесі, барахолка аймағындағы әкімшілік үй-жай, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің құны кіреді. Сонымен қатар жәбірленуші тарап айыпталушыдан 8 миллиард 359 миллион моральдық өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Ал бұған 2018 жылғы 18 ақпанда Жүнісов пен Ресейдің ВТБ Банкі арасында жасалған банктік кепілдікті заңсыз есептен шығаруы кіреді. Қазір Жүнісовке қатысты атқарушылық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл қарыз заңсыз, жасанды түрде жасалған. Бүгінде оның банктік шоттарына тыйым салынған", – деді жәбірленушінің адвокаты.
Осылайша жәбірленушілер бірігіп Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард 560 миллион теңгеден астам соманы өндіруді талап етіп отыр.
Сонымен қатар бүгінгі отырыста сот процесі аяқталып, жарыссөз басталуы керек еді. Бірақ Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяға қарсылық білдірді. Ол судья қорғаушы тарапқа өз кінәсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік бермеді деп отыр.
- Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
- Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.