Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana-ға зейнетақы қорынан сәтсіз инвестиция жасалды: Ұлттық банк жағдайға қатысты не дейді

Ұлттық банк зейнетақының 24,9 миллиард теңге қаражатына сатып алынған Air Astana акциялары құнының төмендегеніне байланысты түсініктеме берді. Бұл акциялар былтыр сатып алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Air Astana Instagram парақшасынан кадр скрині 

Бір жыл бұрын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры авиакомпанияның акцияларына 24,9 миллиард теңге инвестициялаған. Алайда қазір олардың құны төмендеп кетті. 

Сенатта осы жағдайға байланысты Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсініктеме берді. Оның айтуынша, акциялар әрқашан құбылмалы болады. Сол себепті құнның қазіргі құлдырауын түпкілікті шығын ретінде қарастыруға болмайды. 

"Белгілі бір сәтте табысты көрсететін қаржы құралдары бар. Кейде уақытша құлдырап кететіндері де бар. Жұмысты бүкіл портфель бойынша бағалау керек", – деді ол.

Нұржан Тұрсынханов Air Astana компаниясының табысты жұмыс істеуін жалғастырып жатқанын алға тартты. Айтуынша, бұл акциялар зейнетақы активтерінің жалпы көлеміндегі үлес бойынша 10%-дан аспайды.



"Иә, Air Astana-ға инвестиция шынымен де болды. Бірақ акция – құбылмалы құрал. Бәріміз осы авиакомпанияның қызметтерін пайдаланамыз. Оның сәтті жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Әрине, құлдырау кезеңдері бар. Бірақ біз үшін бұл ұзақ мерзімді инвестициялау. Оның үстіне жалпы құрылымда бұл барлық зейнетақы активтерінің оннан бірін, тіпті одан да аз пайызын алады. Инвестицияны басқару тиімділігін уақытша төмендегенін көрсететін бір ғана фактор бойынша бағалау дұрыс емес", – деп қосты ол.

Талқылау