Аллергияны елемеу бронх демікпесіне әкелуі мүмкін – Қазақстандық дәрігер
Қазақстанда аллергия белгілері күшейіп, антигистаминдік дәрілердің әсеріне қатысты шағым көбейген. Мамандар мұны қабынудың күшеюі немесе емнің дұрыс таңдалмауымен байланыстырады. Аллергияны елемеу бронх демікпесіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда аллергия күшейіп, анти-гистаминдік дәрілердің әсеріне қатысты шағым көбейген. Тіпті соңғы шыққан препараттарды қабылдағанның өзінде түшкіру, тамақ қышу секілді ауру белгілері басылмайтын болған. Мамандар бұл қабынудың күшеюі немесе дұрыс таңдалмаған емнің салдарынан болады деп отыр.
Түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің қышуы – аллергия маусымының үйреншікті белгілері. Бірақ биыл кей қазақстандықтар бұл ауруға қарсы дәрілердің бұрынғыдай әсер етпейтінін айтып шағымдануда. Бұдан бөлек, себетін немесе тамызатын препараттарды қабылдағанның өзінде жағдайы жақсармайтын жағдайлар бар. Мамандар мұны қабынудың күшеюі немесе емнің дұрыс таңдалмауының салдары деп түсіндірді.
Аллерголог-дәрігер Жанар Балғабекова дұрыс таңдалмаған емге байланысты немесе аллергиялық ринитке тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген жағдайда дәрі әсер етпей қалуы мүмкін екенін айтады.
"Оның салдары да бар. Мәселен, бронх демікпесіне ұласуы мүмкін. Бронх демікпесі анағұрлым ауыр асқынулармен сипатталады. Атап айтқанда, тыныс алудың қиындауы, демігу және өмір сапасының төмендеуі байқалады", – деп түсіндірді аллерголог.
Елімізде аллергиямен күресіп жүрген жандар жыл сайын көбейіп жатыр. Әсіресе, аурумен бетпе бет келген балалар мен жасөспірімдер өте көп. Статистиканың көш басында Алматы қаласы тұр. Былтыр бұл шаһарда аллергологтарға 11 мыңнан астам адам жүгінген. Оның дені 14 жасқа дейінгі балалар екен.
Абай облысының бас аллергологы Ботагөз Тұраханова қазір маска тағып жүру керек екенін айтады.
"Күннен қорғайтын көзілдірік тағу керек. Даладан үйге келген кезде міндетті түрде душқа түсіп алу қажет. Себебі сырттан келген тозаң мен шаңды жуып тастау керек. Ал маусым жеңілірек өтуі үшін антигистаминдік препараттарды симптомдар басталғаннан кейін емес, бір-екі апта бұрын қабылдауды бастаған дұрыс. Демек, аллергия белгілері күшейіп, дәрі бұрынғыдай әсер етпесе, дозаны өз бетінше арттыруға немесе басқа препаратқа ауысуға болмайды. Ең дұрысы, аллергологқа қаралып, емді қайта бағалату. Өйткені еленбеген аллергия уақыт өте келе тыныс жолдарына салмақ түсіріп, бронх демікпесіне ұласуы мүмкін", – деді Ботагөз Тұраханова.
Еске салайық, бұған дейін дәрігерлер жаһандық жылыну мен экологиялық жағдайдың нашарлауы аллергияның таралуын күшейтіп жатқанын айтқан еді. Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы аллергиямен бетпе-бет келуі мүмкін. Қазақстанда да соңғы жылдары аллергияға байланысты медициналық көмекке жүгінетіндер саны артқан.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
