Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алда адамзаттың жартысы аллергиямен күреседі: Дәрігерлер жаһандық жылудың тағы бір салдарын айтып дабыл қақты

жаһандық жылыну    аллергия
Фото: depositphotos.com

Аллергия адамзат үшін жаңа қауіпке айналуда. Ғалымдар мен дәрігерлер егер экологиялық жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы осы дертпен күресуі ықтимал екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақпарат” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы егер мәселе қазірден шешілмесе 25 жылдан соң адамдар сыртқа тек арнайы қорғаныс киімімен келуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. 

Себебі дамыған елдер халқының 20 пайыздан астамы осы сырқатқа шалдыққан. Ал Қазақстанда соңғы 5 жылда аллергиямен ауруханаға түскендер саны 1,5 есеге артқан. Көбі балалар мен еңбекке жарамды жастар. Олар Астана , Алматы, Шымкент қаласы мен Жетісу, Түркістан облысының тұрғындары. Өз бетінше дәрі ішу, табиғаттың ластануы, дұрыс тамақтанбау, жүктілікті жоспарламау, тұқым қуалаушылық аурудың пайда болуына әсер ететін негізгі фактор. Дәрігерлер аллергияға өткінші ауру ретінде қарауға болмайтынын ескертті. Бөртпе шығып, түшкіру жиілеп, мұрын бітелсе бірден емханаға қаралу маңызды. 

"Бұл – дабыл қағатын мәселе. Аллергия уақытында емделмесе, созылмалы түрге ауысып, бронх демікпесіне, мұрын қуысына ота жасатуға дейін алып келуі мүмкін. Сондай-ақ өкпе жұмысына кері әсер етіп, адамның өмір сүру ұзақтығын қысқартуы ықтимал", –  деді аллерголог Нұржамал Дегенбаев.

Нутрицологтың айтуынша газдалған және энергетикалық сусын, фастфуд, тамақтың құрамындағы зиянды заттар аллергияны күшейте түседі. 

“Аллергияны тудырмау үшін көбіне ақуыздарға бай өнімдерді пайдаланғанымыз дұрыс. Әсіресе ет өнімдерін тұтынып, суды көбірек ішкен жөн. Сонымен қатар сапалы ұйықтау да маңызды. Физикалық белсенділікті де қатар алып жүру керек”, – деді маман.

Экологтар жаһандық жылынудың әсерінен өсімдіктердің тозаңдану кезеңі ұзарып, аллергияның маусымдық уақыты жыл он екі айға жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.

“Ауа температурасы 50 градусқа дейін планета жылып кетсе, аллергия да күшейеді. Қазірдің өзінде 3-4 адамның брінде аллергия. Болашақта барлығы шалдығуы мүмкін. Халықтың экологиялық мәдениеті көтерілсе бұл аурудан аман жүруге болады“ , – деді эколог Айдана Қыдырова.

Қала халқының өсуі, табиғаттың ластануы, көгалдардыруға қолданылатын ағаштардың дұрыс таңдалмауы жағдайды күрделендіре түседі. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 12:31