Зейнетақы қорындағы жеткілікті шектің қалай өсетіні 10 күннен кейін белгілі болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеткіліктілік шегін қайта есептеу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, министрлік тиісті ережелерге өзгерістер енгізген. Бұған дейін жеткіліктілік шегін есептеу формуласы тоғыз көрсеткішке негізделсе, енді бес көрсеткіш қана қолданылады.
Оқыңыз“Жаңа формулаға жылдық инвестициялық табыстылықтың 9%-дық мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемдерді индекстеудің жылдық мөлшерлемесі және басқа да көрсеткіштер енгізілді. Барлығы бес көрсеткіш бар. Енді заңнамаға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 10 күн ішінде жаңа есептеулерін ұсынуы тиіс”, – деді министр.
Оның сөзінше, жеткіліктілік шегі 20 жастан 63 жасқа дейінгі қазақстандықтар үшін қайта есептеледі.
“Қазір бұл жұмысты қор жүргізіп жатыр. Біз әзірге есептеулерді көрген жоқпыз. Сондықтан 10 күн ішінде жаңа жеткіліктілік шектері бекітіліп, ресми сайттарда жарияланады”, – деді Ертаев.
Министр зейнетақы жинағының артық бөлігін емделуге жұмсау мүмкіндігі сақталатынын айтты. Сонымен қатар жеткіліктілік шегін көтерудегі негізгі мақсат – зейнетақы жинақтарын үнемі ақша алып отыратын депозитке айналдырмау.
“Жинақтаушы қордың негізгі міндеті – қаражат жинау. Сондықтан оны депозит сияқты пайдалану дұрыс емес. Әр азамат еңбек еткен кезеңінде зейнетақы шотында жеткілікті қаражат жинап, оны зейнет жасына жеткенде пайдалануы керек. Негізгі мақсат – осы”, – деді министр.
Оның айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі сақталады. Азаматтар зейнет жасына жеткен кезде өз қаражатын заң аясында ешқандай шектеусіз пайдалана алады.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды қолдамайтынын айтты. Олар ең болмағанда көп мөлшерде жинағы барларға қаражатты алуға рұқсат ету керек екенін ұсынды. Алайда қор қаражатты үнемі алу болашақта қиындық тудыратынын ескертті.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр