Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрып-соғып, мал бақтырып, баламның қолын шапты": Қызылорда облысында бүтін бір отбасы 20 жыл құлдықта болғанын мәлімдеді

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ақсуат ауылында тұратын бүтін бір отбасы 20 жыл құлдықта болғанын мәлімдеді. Отбасының отағасының айтуы бойынша, кәсіпкер балалары мен қоса қорлап, жұмысқа салған. Тіпті бір ұлын суықта үстіне су құып далаға шығарса, бір ұлының қолын шапқан Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24 kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: сюжет кадрларынан

Қожагелді Жалғасбаевтың айтуынша, 20 жыл бұрын қазақстандық кәсіпкер "жұмыс тауып беремін" деп уәде беріп, отбасымен бірге шекарадан алып өткен. 

"Шекарадан мені өздері алып өтті. Осы жаққа әкеп, мал бақтырып қойды. Бұл жерде мал баққаныма 20 жыл болды ғой. Ана адамға да, мына адамға да айтам. Құдай айдап, мына ініме айтып, осы кісілермен қашып кеттім. Ал бала-шағам ана жақта қалды ", — дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Қазалы қаласының тұрғыны оны мал бағып жүрген жерінен үйіне әкеліп, ас ауқатын беріп, киім-кешекпен қамтамасыз еткен.

"Қанша азап көріп келе жатырмын ғой. Ұрып-соғады. Жаздай айдалада жатамын. Бала-шаға әр жерде жүр. Әйелім бір жақта жүр. Балалар соның жұмысында жүр. Баламның қолын мына жерден шауып тастаған. Оларды да ұрып-соғады. Үш балам да оқымайды. Мектепке бармаған. Өтірік анықтама алады екен бұлар, оқып жатыр деген. Сауатсыз үшеуі де", — дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Сөзінше, үш баласы да құлдықта жүрген жылдары өмірге келген.

"Екі баламды мына лашықта өмірге әкелдім. Бұл балаларымды көрген де жоқпын. Сол жаққа алып кетеді, бір өзім жүрдім малдың басында. "Ананы, мынаны істемедің", дейді. Қорасы тазаланбай қалса, маған айтады. Үлкен ұлды тыр жалаңаш үстіне су құйып далаға, күн суықта шығарды", — дейді Қожагелдінің келіншегі Шолпан.



Аталған жайтқа аудандық полиция бөлімінің өкілі пікір білдірді.

"Бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша полиция тергеп-тексеру бастады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр", — деді Қазалы АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуандық Оразов.

Дегенмен кейін желіде Қожагелді Жалғасбаевтың ағасы Шынтас Қожагелді ақпаратты жоққа шығарды. 

“Ағайындар менің бауырымды құлдықта ұстады деген сөз жалған. Бүкіл мал баққан уақытында хабарласып біліп тұрдым. Ол жерде керісінше көп көмек беріп отырды. Бүкіл құжаттарын жасатып, осы күнге дейін бала-шағасын бағып жеткізді. Қиын күндерде көмек қолын созды. Көп жылдар бойы аш қалдырмай бақты. Құлдықта ұстады деген жалған сөзге сенбеңіздер. Алып кеткен адам желі арқылы табыс табу үшін інімді алып кеткен. Ол да арақ ішеді. Қазір ағайынның арасына от салып отыр”, – деді Қожагелдінің ағасы. 

Талқылау