Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұнасын-ұнамасын": Соловьев Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің тарапынан айтылған сынға жауап берді

Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев өзінің онлайн бағдарламасында эфирде Қазақстанға қарсы арандатушылық мәлімдемелер жасаған саясаттанушы Дмитрий Дробницкийдің сөздеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Соловьев

Соловьев тек "болжам жасады" деген саясаттанушы қазір сынның астында қалғанын айтып шағымданады. Ол екі ел (Қазақстан мен Ресей)  мен олардың басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар "өте сенімді" екенін айтып, барлығына сабырға келуге кеңес береді.

"Маған артық эмоция ұнамайды. Менің бағдарламамда Дмитрий Дробницкий Қазақстан жайында болжам жасады. Бізде сөз еркіндігі бар ғой. Азамат айтты, ол мемлекеттік қызметкер емес ғой, Дмитрийдің өз көзқарасы бар, ұнасын-ұнамасын", - деді Соловьев.



Бұған дейін әлеуметтік желіде "Вечер с Владимиром Соловьевым" атты Ресейдің мемлекеттік арнасында шыққан хабардан үзінді жарияланып, онда қатысушылар Қазақстанда да Украинадағыдай "нацистік" процестер басталуы мүмкін деп, "Украинадан кейінгі мәселе – Қазақстан" деп мәлімдеген.

Бұған дейін ресейлік саясаттанушының мәлімдемелеріне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко түсініктеме беріп, оның Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа көлеңке түсіретінін және Ресей билігінің реакциясына лайық екенін айтқан болатын. Осыған ұқсас пікірді ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық істер комитетінің басшысы Мұхтар Құл-Мұхамед де қолдап, бұл республикаға қауіп төндіретінін жеткізген.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саясаттанушылар мен Мәскеудің пікірі үйлеспейтінін айтып, олардың сөздеріне назар аудармауға шақырған.
 

Талқылау