Ұлттық ұлан жауынгерінің пойызда соққыға жығылуы: Тоқаев қылмыскерлерді шұғыл түрде ұстауды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан сарбазын соққыға жыққандарды ұстау үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан сарбазының пойыз вестибюльінде белгісіз біреулердің соққыға жығуы туралы бейнежазбаны қарап шықты. Ол ішкі істер министрі Ержан Сәденовке шабуыл жасағандарды ішкі заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін оларды ұстау бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды", — деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Ол әскердегі және басқа да құқық қорғау органдарындағы зорлық-зомбылық фактілерінің барлығы Тоқаевқа хабарланғанын айтты.
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан сарбазының соққыға жығылғанына қатысты мәлімдеме жасады. Министрлік мәліметінше, оқиға 2023 жылдың күзінде, сарбаздар әскери борышын өтеп үйлеріне қайтып бара жатқан кезде болған.
"Оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы, атап айтқанда, куәгер, жәбірленуші және күдіктілер анықталды", –деп хабарлады ІІМ.
Сондай-ақ полиция тергеу барысы ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жеке бақылауында екенін айтты.
Еске салсақ, осыған дейін Ұлттық ұланның киімін киген әскеридің сарбазды ұрып-соққаны түсірілген видео тарағанын жазғанбыз.