Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк өзінің цифрлы теңгесін шығармақ: Бұл қаншалықты тиімді?

Ұлттық банк өзінің цифрлы теңгесін шығармақ. Бұл туралы сарапшылар пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Енді еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасындағы өзара ақша аударымдары әжептеуір азаюы мүмкін. Енді азаматтар электронды ақшамен төлем аударымдарын еркін жүргізе алады. Сандық әмияндағы қаражатты қолма-қол ақшаға айырбастауға да болады.

Бірақ, кейбір сарапашылар, Ұлттық банк шоттағы қаржыны басқару мүмкіндігін кеңінен пысықтамаған деген пікірде. Ұлттық банктің шығарғалы отырған цифрлы ақшасы қолма-қол қаржы айналымын азайтып, аударым үшін комиссияға деп қаражат ұстап келген екінші деңгейлі банктерге соққы болмақ. Өйткені, электронды шотыңыздан ақша аудару тегін болуы мүмкін. Қалаған уақытыңызда оны қолма-қол шешіп те ала аласыз. Бірақ, өзге мемлекетте бұл ұлттық цифрлы ақшаны жұмсай алмайсыз. Ал, Қазақстанда депозит ашып, сандық ақшадан пайда таба алмайды екенсіз.

"Цифрлы теңгемен депозит ашып, одан пайда көре алмайсыз. Несие беру жағы да қарастырылмаған. Меніңше, бұл процедураны Ұлттық банк екінші деңгелі банктерге беру керек. Бірақ, олар қызмет түрін тегін жасауға келіспейді. Айналып келгенде, жұрттан ақша аударымы үшін комиссия ақысы алынуы мүмкін. Криптовалютадан айырмашығы - Ұлттық банк цифрлық теңгенің эмитенті болады", - дейді экономист Арман Бейсембаев. 

Ұлттық банк цифрлы ақшаны жұмсаудың комиссиясы қазіргіден қарағанда әлдеқайда тиімді болатыны анық дейді. Бастысы, онлайн-төлемге үйреген көпшіліктің арқасында көлеңкелі экономикадағы ақшаны азайту қарқынын бәсеңдетіп алмау. Бірақ, сарапшылар төлем мен аударым үшін кэшбектің берілмеуі тұтынушыларды тарта алмайтынын Ұлттық банк қазірден ескерсе дейді.

"Жалпы ішкі өнім бізде 70 триллион теңге болса, 21 триллион теңгеден астам қаражат көлеңкелі болған. Өткен жылы көлеңкелі экономика үлесі 23 пайызға дейін азайды. Біз өзімізде бар ақша массасының үстінен шығармаймыз бұл ақшаны. Біз өзіміздің қолданыста жүрген қолма-қол ақшаны қолма-қолсыз ақшаны алмастыратындай етіп жасаймыз деп отыр. Демек, осындай қадам арқылы инфляцияға жол бермейміз деген уәждері бар", - дейді экономист Мақсат Халық.

Теңгенің жаңа түріне қол жеткізу үшін кез келген тұлға "жеке электронды әмиян" ашуы керек болады. Сол "е-әмиянға" теңге көлеміне сәйкес цифрлар жиынтығы жазылады. Есеп айырысқанда, осы әмияндағы цифрлар өзара алмасады. Электронды теңгені интернет желісіне қосылмай-ақ басқаруға мүмкіндік берілмек. Бастысы цифрлық теңгенің бағамы қағаз түріндегі және қолма-қолсыз түрдегі теңгемен бірдей болмақ. 

Еске салсақ, Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу пилоттық жобасы 2021 жылдың екінші жартысында жүзеге асырылмақ.

Талқылау