Қазақстанда ұлттық археологиялық қызмет құрылады
Фото: www.gov.kz
Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ.
"Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Нәтижесінде – ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық. Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет –нағыз археологиялық "ми орталығы" болады", - деді ол.
Аймағамбетовтің айтуынша, ол енді қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды, бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Қай кезеңді, қандай ескерткіштерді зерттеуіміз қажет деген сұрақтарға да жауап беруге қауқарлы.
"Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүрізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі – толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыранқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді.
Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр. Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі - енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады", - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін археология мен реставрацияға лицензиялар бөлек-бөлек берілетіні хабарланды.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді