WhatsApp топтарын құрған әйел қазақстандықтарды 2,8 миллиард теңгеге алдап кеткен
Ақтауда WhatsApp мессенджерінде топ ашу арқылы қазақстандықтарды үш миллиард теңгеге алдап кеткен алаяқтар сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: umteh.com
Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, сотталушылардың бірі 2021-2023 жылдары WhatsApp мессенджерінде 25 топ құрып, топтарда ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарық бағасынан төмен бағамен жарнамалаған. Сотталушы өзінің достарын топтардың әкімшісі етіп тағайындаған. Сондай таныстарының бірі төрт топтың әкімшісі болып, алаяқтық жасауға көмектескені үшін сотқа тартылды.
Әйелдер сатып алушылардан түскен ақшаны өзара бөліп алып отырған. Топтарды ұйымдастырушы қылмыстық жолмен тапқан табыстарын заңдастыру мақсатында жылжымайтын мүлікті сатып алған.
"Алаяқтар арнайы файлдар жібереді": Антикор қазақстандықтарға ескерту жасады (видео)
Сотталушылар жәбірленушілерге жалпы сомасы 2,8 млрд теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Сотта әйелдер өз кінәларын ішінара мойындап, соттан бас бостандықтарынан айырмауды сұрады.
“Сот іс материалдарын зерделеп, топтарды ұйымдастырушыға асырауында жас балалардың болуы түріндегі жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, мүлкі тәркіленіп, 9 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген сот хабарламасында.
Ал топтардың әкімшісі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот жәбірленушілердің талаптарын толық көлемде қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада 25 алаяқтық әрекетіне қатысы бар күдікті әйел ұсталғаны туралы жазған едік.