Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

WhatsApp қолданбасына өзгеріс енеді: Пайдаланушылар дәл қазір желіде кім отырғанын көре алады

қолданба
Фото: freepik.com

WhatsApp әзірлеушілері Android нұсқасының интерфейсіне ауқымды өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Мессенджерде дәл қазір желіде отырған пайдаланушыларды бірден табуға мүмкіндік беретін арнайы бөлім пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Негізгі өзгеріс “Контактілер” бөлімі 

Әзірлеушілер төменгі навигациялық панельге Contacts (Контактілер) атты жаңа бөлім қосуды жоспарлап отыр. Бұл бөлім әңгімелесуді жылдам бастауға арналған негізгі хабқа айналады.

Белсенділік көрсеткіші: Пайдаланушылар телефон кітапшасындағы дәл қазір желіде отырған адамдарды бірден көре алады.

“Жақында желіде болды” мәртебесі: Сонымен қатар тізімде қосымшаны жақында пайдаланған контактілер де көрсетіледі. Бұл хабарламаға кімнің тезірек жауап беруі мүмкін екенін анықтауға көмектеседі.

Құпиялық: Егер пайдаланушы баптауларда желідегі мәртебесін көрсетуді өшірсе, ол бұл тізімде көрінбейді.

Интерфейстегі өзгерістер

Жаңа бөлімді енгізу үшін әзірлеушілер басқа элементтердің орнын өзгертуді жоспарлап отыр.

Статустар жоғарыға көшеді: Қазіргі “Жаңартулар” бөлімі алып тасталуы мүмкін. Ал статустар “Чаттар” бөлімінің жоғарғы жағына ауысып, сыртқы көрінісі Instagram Stories форматына ұқсас болады.

Арналар чаттар бөліміне енгізіледі: WhatsApp арналары да “Чаттар” бөлімінде көрсетіледі. Жеке хаттар мен медиа контент араласып кетпеуі үшін оларға арнайы сүзгі жасалады.

Meta AI бөлімі жойылуы мүмкін: Жақында ғана төменгі панельге қосылған Meta AI жасанды интеллектінің жеке бөлімі алып тасталуы ықтимал. Оның құралдары қайтадан экрандағы ықшам қалқымалы батырма форматында ұсынылады.

Жаңарту қашан қолжетімді болады?

Қазі жаңа интерфейс жабық ішкі әзірлеу кезеңінде тұр. Бұл мүмкіндік әзірге ресми бета-тестілеуге қатысушыларға да қолжетімді емес. Өйткені WhatsApp әзірлеушілері интерфейстің ыңғайлылығын әлі де сынақтан өткізіп жатыр.

Әзірге жаңартудың барлық пайдаланушыға нақты қашан қолжетімді болатыны белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін WhatsApp биыл қыркүйектен бастап кейбір Android құрылғыларында жұмыс істемейтіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 06 Маусым, 2026 18:23