Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйімізді немесе ақшамызды қайтарсын": Алматыда алданған жылжымайтын мүлік инвесторлары митингіге шықты

Алматы қаласында үлескерлер билік тарапынан келісім берілген митингіге шықты. Махатма Ганди атындағы саябаққа жиналған халық пәтерлерін немесе ақшасын қайтарып беруді талап етті. Үй салушының жұмысынан кілтипан шығып, жер банкке өтіп кетіп содан соң басқа компанияға сатылып кеткен. Енді үлескерлердің пәтерлері басқа адамдарға сатылып кету қаупі туындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.

митинг инвестор

Митинг – үлескерлердің қала билігі мен ел үкіметіне сөздерін жеткізудің соңғы үміті. 2006 жылы үлестік құрылыс үшін олар "Тау Көктем" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге ақша аударған. Олар жаңа баспанаға 2007 жылдың мамыр айында кіруі керек болған. Бірақ құрылыс салушы қаржылық қиындықтарға тап болып, жұмысы тоқтап қалады.

"Бұл үйді алу үшін мен жалғыз пәтерімді сатып, компанияның кассасына 100 мың доллар ақша салдым. Осылайша далада қалдым. Өйткені алуға тиісті болған үйіме қолымды жеткізбеді", – дейді үлескер Раушан Қабылбекова.

Үлескерлердің айтуынша, 60 адам зардап шеккен. Салынған жалпы сома 6 миллиард теңгеден асып жығылады. Кейбіреулері әлі күнге дейін несиелерін төлеп келе жатыр екен.

"15 жыл бойы мен банкке пайызбен бірге миллионға жуық доллар төледім. Банк кепілге қойған барлық мүлкімді сатып жіберді:  пәтерлерім, саяжай үйлері мен көліктер, осылайша соңында баспанамнан айырылдым", - дейді үлескер Зурахан Қалиева.

Үлескерлер нысанның 85 пайыз жері аяқталғанын айтады.



"Осыдан кейін жерді кепілге қойған банк жерді бөлек сатады – аяқталмаған құрылыс нысанын емес, жерді ғана жаңа құрылыс салушыға сатып жібереді. Жаңа құрылыс салушы "Көктем" тұрғын үй кешенінің үлескерлерін шетке қойып, енді қайта сатуды жүзеге асыруда", - деп түсіндіреді жиналғандардың заңгері Андрей Казначеев.

Банк бұл жердің кепілге қойылғанын растады. Ал құрылыс компаниясының бұрынғы басшылығы бөтеннің мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылған. Содан кейін кепілге қойылған мүлікті коллекторларға сатып, ал олар оны басқа компанияға өткізіп жіберген. Жаңа меншік иесіне құрылысты аяқтауға және жаңа үлескерлерді тартуға рұқсат беру мәселесіне келетін болсақ, әкімдіктегілер бұған меншік иесінде толық негіз бар деп жауап берді.

"Қазіргі меншік иесі өзінің жер учаскесінде ешқандай заңды құқығынсыз заңгерлік мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін барлығына ие бола отырып өтініш берді, ол жерде үлескерлерді тарту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге рұқсат беруден бас тартуға құқығымыз жоқ", - дейді Бостандық ауданы бойынша қала құрылысы қызметінің басшысы Сәуле Ахметқазиева.

Жаңа құрылыс алаңының басшысы болса акционерлердің алдында ешқандай міндеттемелері жоқ екенін және барлық шағымдар бұрынғы иелеріне бағытталуы керек екенін жеткізді. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген сот процестері нәтиже бермегендіктен үлескерлер қалалық әкімдік әлі де болса халықтың сөзіне құлақ асып, баспаналарын алуға болмаса ақшасын қайтаруға көмектесетініне сенеді. Үлескерлер сондай-ақ президенттен көмек сұрап хат жазған.

Талқылау