"Үш ай ғана араластық": Тәуекел Мүсілім алғаш рет әкесі туралы айтты
Танымал актер Тәуекел Мүсілім алғаш рет әкесі туралы ашық айтты. Актердың кішкентай кезінде ата-анасы ажырасып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мотивациялық подкаст” жобасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі жақында отбасымен Америкадан оралды.
“Әкем тірі кезінде көзін көрген кісілер кездесіп қалып жатады. Сол кезде "сенің әкең батыр болған" деп мақтап айтады. Әкем мықты азамат болған. Ол кісімен көп араласа алмадым. Өйткені бала кезімізде ата-анамыз ажырасып кетті. Мен анамның қолында Алматыда қалдым, ол кісі Шымкентте. Қатты араласқан үш ай ғана. ...Жалпы екінші әйелінен бес бала бар, үш ұл, екі қыз", – дейді актер.
Сондай-ақ актер аз уақыт болса да әке ақылын естіп үлгергенін де айтып жүр.
“Тәуекел деген атымды әкем қойған. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен, ол кісі туралы мардымды ештеңе айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Әлі күнге дейін енесінің алдын кесіп өтпей, сәлемін салады. Тоғызыншы сыныпта әкеммен үш айдай бірге жүрдім. Әкем спортқа жақын еді. Поэзияны, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін. Маған үнемі "оқы, келер заман – білімділердің уақыты" дейтін. Расында, қазір – білектің емес, білімнің заманы. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын. Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өскен болсам, мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт "бұл –Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі" деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін”, – дейді өнер иесі.