"Үш ай бұрын жолдасы дүниеден кетті": Ақбота Керімбекова артында 6 баласы қалған әйелдің қазасын айтып, көпшілікті жылатты
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ақбота Керімбекова халыққа ой саларлық жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/botakerim/
Өнер иесі оқырмандарына бұл дүниенің жалған екенін тағы бір мәрте еске салды.
“Иә, ағайын, кеше мен отбасын асыраймын деп жүріп опат болған тағы бір ананың қайғылы қазасын естідім. Өзі 6 балалы екен, осыдан 3 айдай уақыт бұрын ғана жары өмірден озыпты. Жасы енді ғана 45-тен асқан әйел күйеуінің қазасынан кейін де еңсесін тіктеп, 6 баланың қамы үшін тіршілік етіп, маңдайына жазылған тағдырға мойынсұнды. “Қаланың шетіндегі саяжайда өсіп тұрған жемістерді тегін теріп алса болады” деген жақсы адамдардың хабарламасы бойынша саяжайға барып жеміс-жидек теріп алмақ болады. Алды 22-ге енді толған, кенжесі 2-сынып оқитын бала-шағасына жеміс-жидек теріп алып, үйіне қайтар жолда келе жатқанында көлік қағып, сол жерде-ақ тіл тартпай, жан тәсілім етіпті… Ұрпағым, ұл-қызым, отбасым деп өмір сүретін қайран қазақтың әйелдері-ай, қайран қазақтың аналары-ай!”, – деп жазды әнші.
Сонымен қатар өнер иесі қиындыққа шыдайтын қазақ әйелдерін көпке үлгі етті.
“Біз бәріміз желі бетіндегі желіккен өмірді ғана көріп жүрміз. Ал көзге көріне бермейтін жерлерде қанша қазақ баласы ашқұрсақ, жетім тағдыр кешіп, қанша қазақ әйелі жесір ғұмыр сүріп, қанша азамат бір күннен екінші күнге әрең жетіп жығылып жүр… Жоғарыдағы оқиғаға қалай жаның жыламайды?!. Бәрін естіп, біліп отырсақ та, айтатынымыз өсек, қуалайтынымыз дау!.. Сүрінген мен бүлінгенді табалап, қателескенді қаралап өтіп жатқан өмір, әйтеуір. Қанша бала қылмысты болса, сонша ана жылайды… Қанша ұрпақ жаза басса, сонша әкенің жігері құм болады… Дүниеде бәрінің орны толады, қате түзеледі, араздықтың түйіні тарқайды, жоғалған табылады, тек, бір ғана нәрсенің орны толмас. Ол – боталаған ананың өкінішінің орны, апалаған баланың зарының жарасы. Барымызды бағалайықшы, ағайын! Ешкім де, ештеңе де мәңгі емес”, – деді эстрада жұлдызы.
Еске салайық, "Қызуқанды жігіттер бар" деп Ақбота Керімбекова істі болған әріптестеріне қатысты пікір білдірген еді.