Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш облыста таулы аудандардың тұрғындары көшкін мен сел жүру қаупі туралы ескерту алды

Сел облыс қауіп
Фото: Видеодан скрин

3-5 шілде аралығында тау беткейлерінен су қарқынды ағып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Қазселденқорғау" Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарының тұрғындарына көшкін мен сел жүру қаупі туралы ескерту жасады.

"3-5 шілде аралығында ауа температурасының жоғары болуы және нөсер жаңбырлардың болжануына байланысты тау беткейлерінен су қарқынды ағып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Соның салдарынан жер көшкіні мен сел жүруі мүмкін", – делінген "Қазселденқорғау" хабарламасында.

Сонымен қатар ойпаң жерлерді де су басу қаупі бар.

 Аталған өңірлердің тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпау және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылды.

"Қарғалы, Ақсай, Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендеріне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты", – делінген хабарламада.

"Қазселденқорғау" мәліметінше, Алматы қаласы аумағындағы өзендердегі жағдай тұрақты бақылауда.

Бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік. Қазақстандықтарға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты президенттік хабарлама келді.

“Наурызбай ауданында су басу қаупі бар. Бөгетте сүзгілену анықталды. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялау қажет”, – делінген хабарламада.

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 09:47