Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор блогер Әділетхан Молдаханды 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Әділетхан Молдахан
Фото: instagram.com/adiletkhan

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты видеосы үшін істі болған Әділетхан Молдаханға қатысты сот аяқталуға жақын. Оған көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2 шілдеде Алмалы аудандық сотында Әділетхан Молдаханның ісі бойынша сот жарыссөздері өтті.

Жәбірленуші, Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бүрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың қорғаушысының айтуынша, прокурор айыпталушыға "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші Ержан Ұзабаев прокурордың ұстанымын қолдаған. Сондай-ақ олар соттан Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған.

“Жәбірленушілердің пікірінше, айыпталушының әрекеттері тек Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевқа (Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы) моральдық және материалдық зиян келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне де нұқсан келтіріп, құқық қорғау жүйесіне қоғамның сенімін әлсіреткен”, – деді адвокат.

Еске салсақ, 2026 жылдың 31 наурызында әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан қамауға алынған еді. Артынша оған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты түсірген видеосы арқылы жалған ақпаратты таратты деген айып тағылғаны белгілі болды. 

Қазір блогерге қылмыстық кодекстің “бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша айып тағылған.

Бұл бап бойынша:

  • 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салу;
  • 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
  • 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған.

 

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 22:14