Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүргізуші Қазақстан шекарасында 2025 жылы сатып алған көлігінен айырылып қалды

Көлік тізгіндеу
Фото: Magnific.com

Павлодар облысындағы шекара бекетінде тіркеу құжатындағы мәліметтері көліктің VIN-кодына сәйкес келмейтін жүргізуші анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сүйенсек, Успен аудандық соты жалған мемлекеттік тіркеу деректері бар көлікті басқарған жүргізушіге қатысты әкімшілік істі қарады.

Оқиға “Қосақ” өткізу бекетінде болған. Шекаралық бақылау кезінде автокөліктің VIN-коды көлік құралын тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмейтіні белгілі болды. Заңбұзушылық анықталғаннан кейін көлікті полиция қызметкерлері алып қойған.

Сот отырысында жүргізуші кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ол бұл көлікті 2025 жылғы желтоқсаныда дәл осы күйінде сатып алған. Сондай-ақ өзге көлігі жоқ екенін жеткізген.

Сот жүргізушінің жалған мемлекеттік тіркеу деректері бар көлікті басқарғанын анықтады. Бұл әрекет Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылықретінде саналады. Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындауын, өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот қаулысымен жүргізуші кінәлі деп танылды. Оған бір тәулікке әкімшілік қамауға алу және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал тәркіленген көлік заңды иесіне қайтарылатын болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 10:32