Миллиондар қайда кетті: Блогер Шайхтың турлары заңсыз кәсіпке қатысты тексеріліп жатыр

Қазақстандық блогер Еркежан Шайхиева (Шайх) ұйымдастырған миллион теңгелік Қытай турлары құқық қорғау органдарының назарын аударды. Заңгер Анна Чернованың мәлімдеуінше, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті блогердің қызметіне қатысты тексеру бастап, оның әрекеттерінде заңсыз кәсіпкерлік белгілері бар-жоғын анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгердің айтуынша, блогер Қытайға құны 1-1,2 миллион теңге болатын топтық бизнес-турлар ұйымдастырған. Анна Чернова бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тексерудің не себепті басталғанын түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе бір реттік сапарда емес, қызметтің кәсіпкерлік сипат алуында болып отыр.
"Бұл турлардың нақты күндері, бағдарламасы, орын брондау жүйесі, қатысушыларды сүйемелдеу, ортақ чаты және сапардан кейін қолдау көрсетуі болған. Дәл осы себепті бүгін Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тексеру бастады", – деді Чернова.
Заңгердің сөзінше, олардың пікірінше, бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік белгілері болуы мүмкін.
"Заңсыз кәсіпкерлік бір рет шетелде біреуге көмектескеннен немесе дүкен көрсеткеннен басталмайды. Мәселе қызметтің бизнес белгілеріне ие болуында. Яғни белгіленген баға, жарнама, адамдарды жинау, алдын ала төлем, бағдарлама, ортақ чаттар, сүйемелдеу, тұрақты ұйымдастыру және табыс табу сияқты факторлар бар", – деді ол.
Чернованың айтуынша, шетелге топтық турлар ұйымдастыру лицензияны қажет ете ме деген сұраққа құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс.
"Егер адам сапарға қатысуды сатып, топ жинап, бағдарламаны үйлестіріп, одан табыс тапса, онда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мұндай қызметті жүзеге асыруға заңды құқығы болған-болмағанын анықтауы керек", – деді заңгер.
Сондай-ақ ол төлемдерге қатысты құжаттар да тексерілуі қажет екенін айтты.
"Іс материалдарында "Топтық тур" деп көрсетілген 200 мың теңгелік фискалдық чек бар. Бірақ тур ақысына қатысты басқа чектер "әйелдер киімі" және "жарнама орналастыру" деген атаулармен рәсімделген", – деді Чернова.
Заңгердің бағалауынша, бір турға 15 адам қатысқан жағдайда айналым көлемі 15-18 млн теңгеге жетуі мүмкін.
"Сондықтан біз Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен қанша тур өткізілгенін, қанша адам төлем жасағанын, ақшаны кім қабылдағанын, келісімшарттардың болған-болмағанын, лицензияның бар-жоғын, толық сомаға чек берілген-берілмегенін және бұл табыстардың ресми түрде көрсетілген-көрсетілмегенін тексеруді сұраймыз. Адамдар миллиондап ақша төлейтін жерде құжаттар да, салық та, жауапкершілік те болуы керек", – деп түйіндеді ол.
"Ақыры біреу айналыса бастады”
Анна Чернованың жазбасына пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылары да іске қатысты өз көзқарастарын білдірді. Пікірлердің басым бөлігі блогер Еркежан Шайхиеваны сынға алып, тексеруді қолдайтындарын жазған.
"Осындай турларға мұнша ақша төлеудің қаншалықты орынды екенін бұрыннан ойлайтынмын. Бәлкім, бәрін өз бетіңмен ұйымдастырған тиімді шығар", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Пікір қалдырған тағы бір оқырман "Ақыры біреу айналыса бастады. Бұл мәселе бұрыннан тексерілуі керек еді" деді.
"Қазір Instagram-да дәл осындай шоп-тур ұйымдастыратындар өте көп. Демек, мұндай тексерулер шағым түскеннен кейін ғана бастала ма?" деп сауал қойды тағы бір қолданушы. Кейбір оқырмандар Шайхиеваның әлеуметтік желідегі соңғы жазбаларына да пікір білдіріп, оның дәлел келтірудің орнына жеке басқа көшкенін алға тартты.
"Қоятын уәжі қалмаған соң, жеке басқа өте бастады”, "Оның стористарын оқысаң, балабақшадағы дау-дамайды көргендей әсер қалдырады", "Анна, бәрін өте сауатты әрі нақты түсіндірдіңіз", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Шайхиева айыптауларға жауап берді
Осы ақпараттан кейін блогер Еркежан Шайхиева Instagram парақшасында заңгер Анна Черноваға қатысты пікір білдіріп, қозғалған мәселеге байланысты өз ойын жариялады. Ол бірнеше сторис жариялап, өзін қорғап, жазылған шағымдарға жауап берді.
Шайхиеваның жазуынша, Анна Чернова мен оның айналасындағы адамдар өзіне қатысты бірнеше мемлекеттік органға шағым түсірген.
"Белова (Чернова) және оның бүкіл тобы менің үстімнен Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, Қаржылық мониторинг агенттігіне, елшілікке шағым жазды. Тіпті Президентті де белгілеп жатыр. Енді БҰҰ-ны ғана қосуды ұмытпаңдар", – деп жазды блогер мысқылдап.
Сондай-ақ ол сот процестері өзіне үлкен тәжірибе бергенін айтты.
"Қазір бәрімен соттасып жүрмін. Соның арқасында бүкіл сот жүйесін түсіндім. Қай адвокаттың адал, қайсысының қалай жұмыс істейтінін білдім. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе. Мүмкін, депутат болып кетермін немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа барармын. Енді заңгер мамандығы бойынша магистратураға түскім келеді", – деді Шайхиева.
Блогер Қытайға ұйымдастыратын турлары туралы да пікір білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің енгізілуі туристерге үлкен жеңілдік болғанын атап өтті.
"Менің турыма қатысқан адамдардың бәрі растайды. Мен әрдайым Президентті Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим туралы келісім үшін және тікелей әуе рейстерінің ашылғаны үшін мақтап жүремін. Бұрын бәріміз виза алу үшін ұзақ кезекте тұрып, басқа елдер арқылы ұшуға мәжбүр болатынбыз", – деп жазды ол.
Сонымен қатар Шайхиева оқырмандарының бірінің пікірін жариялап, тур барысында тек сауда жасауды емес, психологиялық қолдау көрсететінін де айтты.
"Турда мен психологиялық сессиялар өткіземін. Кейде адамның алға жылжуына қажет "түрткісін" де беремін", – деп жазды блогер.
Сонымен қатар Еркежан Шайхиева стористерінде заңгер Анна Чернованы (Белова) да сынға алды. Оның айтуынша, соңғы уақытта заңгер бірнеше сот ісінде жеңіліс тапқан, ал кейбір клиенттері соңғы сәтте одан бас тартқан. Алайда блогер бұл сөздеріне қатысты қандай да бір дәлел ұсынбады.
Бұдан бөлек, Шайхиева Анна Чернованың сырт келбетін интернеттегі танымал мемдегі әйелдің бейнесімен салыстырып, келемеждейтін жазба жариялады.
Еркежан Шайхиева кім?
Еркежан Шайхиева әлеуметтік желіде Шайх (shaikh01kz) атымен танымал қазақстандық блогер әрі инфлюенсер. Ол Қытай, шопинг, сұлулық және саяхат тақырыптарында контент жасап, Қытайға бизнес-турлар ұйымдастырады.
Бұған дейін блогер бірнеше қоғамдық даудың ортасында болған. Инфлюенсер Зүлфия Худиярова оны көпшілік алдында қорлау мен жала жапты деп айыптап, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы полицияға арыз түсірген.
2026 жылдың басында Шайхиева Air Astana әуе компаниясымен де дауға қалған еді. Ол Алматы-Гуанчжоу рейсі кезінде өзін жайсыз сезінгенде экипаж тиісті көмек көрсетпеді деп мәлімдеген. Алайда компания қызметтік тексеру нәтижесінде экипаж барлық нұсқаулыққа сай әрекет еткенін хабарлап, қажет болған жағдайда өз іскерлік беделін сот арқылы қорғауға құқылы екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар блогер Еркежан Шайхиева Перизат Қайраттың ісіне қатысты бірнеше жазба жариялап, өзіне белгілі болған жайттарды көпшілікке ұсынды. Оның айтуынша, Перизат Қайрат өзін Bizbirgemiz қорының қызметін ешқандай жалақысыз басқаратынын айтып таныстырған. Сондай-ақ блогер Перизат Қайраттың өзімен болған хат алмасудың скриншоттарын жариялап, онда қор қызметі, қайырымдылық жұмыстары және ықтимал ынтымақтастық туралы жазылған хабарламаларды көрсетті.
Шайхиева жариялаған жазбаларында Перизат Қайраттың Газа секторына гуманитарлық көмекке жеке өзі бармағаны туралы да пікір білдіріп, бұл сапарға басқа еріктілер қатысқанын алға тартты. Сонымен қатар ол Перизат Қайраттың бұған дейін өзіне жолдаған хабарламаларын жариялап, олардың мазмұнына назар аударды.
Блогердің сөзінше, осы жазбалардан кейін кезінде Перизат Қайратты әлеуметтік желіде жарнамалаған блогерлердің мұны қандай мақсатта жасағанын түсінгенін айтқан. Оның жарияланымдары Перизат Қайраттың ісіне қатысты қоғамдағы талқылаудың бір бөлігіне айналды.
Қазақстандықтар туған күніне орай банктер, дүкендер мен брендтерден қандай сыйлықтар алады