Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ең сұлу қызға": Бойжеткен құпия жанкүйерден келген тәттіні жегеннен кейін көз жұмды

Ана Луиза де Оливейра Невес
Фото: Сnnbrasil.com

Бразилияда 17 жастағы Ана Луиза де Оливейра Невес құпия жанкүйерден келген тәттіні жегеннен кейін уланып, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN Brasil-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылым мәліметінше, бойжеткенге курьер арқылы тәтті жеткізілген. Қораптың ішінде:

“Мен көрген ең сұлу қызға арналған тәтті” деген жазба болған.

Алайда жіберушінің аты-жөні көрсетілмеген.

Ана Луизаға келген тәтті
Фото: Сnnbrasil.com

Ана Луиза сыйлықты суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Кейін тәттіні жеген. Арада шамамен бір сағат өткен соң қыздың жағдайы нашарлай бастайды. Әкесі оны ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер улану белгілерін анықтап, қажетті ем-шара жасағаннан кейін қызды үйіне қайтарған.

Алайда келесі күні Ана Луизаның жағдайы қайта күрт нашарлаған. Ол есінен танып қалған. Қызды ауруханаға жеткізуге тырысқанымен, ол жолда көз жұмды. Ана Луиза 3 маусым күні жерленді.

Дәрігерлер улануға қыз жеген тәтті себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Тергеу барысында полиция тәттіні құпия жанкүйер емес, марқұмның жақын құрбысы жібергенін анықтады.

Күдікті жасөспірім кінәсін мойындаған. Ол тәттінің ішіне мышьяк қосқанын айтып, мұндай әрекетке Ана Луизаның сұлулығына қызғанышпен барғанын жеткізген.

Полиция деректеріне сүйенсек, бұл күдіктінің алғашқы әрекеті емес. Бұған дейін де ол таныс қызды дәл осындай жолмен уламақ болған. Айтуынша, ол қыз күдіктінің екі жігітін “тартып алған”. Алғашқы жәбірленуші аман қалған.

Қазір күдікті кәмелетке толмағандарға арналған түзету мекемесінде отыр.

Ана Луизаның өлімінен кейін сыныптастары әлеуметтік желіде марқұмды еске алды. Олар оны “мейірімді, ақжарқын, үнемі күлімдеп жүретін, жаны нәзік қыз” деп сипаттады.

“Ана біздің тарихымыздың бір бөлігі болды және солай болып қала береді. Біз оның қалдырған жылы естеліктерін, бірге өткізген жақсы сәттерді және мейірімін әрдайым жүрегімізде сақтаймыз. Жатқан жерің жайлы болсын, Ана Луиза. Сен ешқашан ұмытылмайсың”, – деп жазды сыныптастары.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 12:05