Қырғызстанның арнайы қызметінің бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиев төңкеріс жасауға әрекеттенді деп сотталды

Қырғызстанда бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев, экс-спикер Нұрланбек Тұрғынбек уулу және бұрынғы депутат Курманкул Зулушев билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айыппен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстанның бұрынғы арнайы қызмет басшысы Камчыбек Ташиев мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деп сотталды, бірақ түрмеге қамалмайтын болды
Қырғызстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев, бұрынғы парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу және экс-депутат Курманкул Зулушев билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген іс бойынша кінәлі деп танылды.
2 шілдеге қараған түні Бішкектің Бірінші май аудандық соты бұл резонанс тудырған іс бойынша үкім шығарды. Сот үш саясаткерді және тағы бес айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Алайда оларға 3 жылдық пробация қолданылды. Бұл мерзім ішінде заңды немесе пробация талаптарын бұзбаса, олар түрмеге отырмайды. Ал талаптарды бұзған жағдайда ғана жаза нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сот барлық сегіз айыпталушының мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша олардың барлығы ақталды.
Үкім шыққаннан кейін қамауда отырған бес айыпталушы сот залынан бірден босатылды. Бұған дейін, 1 шілдеде прокурор барлық айыпталушыға 9 жыл түрме жазасын сұраған болатын. Алайда сот жеңілірек жаза тағайындады.
Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұлов айыптаумен келіспейтінін айтып, прокурор кінәні дәлелдейтін нақты айғақ ұсынбағанын мәлімдеді. Ал Нұрланбек Тұрғынбек уулу өзіне тағылған айыптарды "абсурд" деп атап, билікте жүрген адамның өзі билікті күшпен басып алмақ болды деу қисынсыз екенін айтты.
57 жастағы Камчыбек Ташиев ұзақ жылдар бойы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ең жақын серіктерінің бірі болды. Ол 2020 жылдан бастап ҰҚМК-ны басқарды және премьер-министрдің орынбасары қызметін де атқарды. Биыл ақпанда ол барлық мемлекеттік қызметінен босатылды.
Ташиевтің үстінен іс қозғалуына президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді талап еткен 75 адамның үндеуі себеп болғаны айтылады. Бұл үндеуге саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және бұрынғы шенеуніктер қол қойған. Кейін олардың бірқатарына да билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тағылды.
Ташиевке қатысты қылмыстық іс құпия қаралып, сот процесі шамамен бір жарым айдың ішінде аяқталды. Қырғызстан Конституциялық палатасының түсіндіруінше, келесі президент сайлауы 2027 жылдың қаңтарында өтеді. Сол кезде Садыр Жапаровтың алғашқы президенттік мерзімі аяқталады. Жаңартылған Конституция оған екінші мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік береді.
Еске салайық, ақпан айында 75 адам Садыр Жапаров пен Жогорку Кенеш төрағасына мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеу жолдаған.
Осыдан кейін Қамчыбек Ташиев ҰҚК төрағасы және Министрлер кабинетінің төраға орынбасары қызметінен босатылды. Елдің ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрылымына реорганизация жүргізілді. Бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметінен айырылды. Ал Нұрланбек Тургунбек уулу Жогорку Кенеш төрағасы қызметінен кетіп, депутаттық мандатын тапсырды.
Құрманкул Зулушев те депутаттық мандатын өткізді. Кейін қылмыстық іс қозғалып, "75 хатқа" қол қойғандардың бір бөлігі қамауға алынды. Оларға жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру айыбы тағылып отыр.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қамчыбек Ташиевтің үндеу авторларымен кездескенін жоққа шығарғанын айтқан. Сонымен қатар Садыр Жапаров оның қайтадан мемлекеттік қызметке тағайындалмайтынын атап өтті. Ал Конституциялық сот президент сайлауы белгіленген мерзімде 2027 жылдың қаңтарында өтетінін түсіндірді.
Қазақстандықтар туған күніне орай банктер, дүкендер мен брендтерден қандай сыйлықтар алады
Оқыңыз