Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалыптан шығу уақыты: Михаил Ломтадзе Kaspi.kz-тің Kasper атты AI-көмекшісін таныстырды

Фото: Kaspi.kz

Сәрсенбі күні кешке Алматыдағы “Целинный” заманауи өнер орталығына Kaspi.kz-тің жаңа қызметінің таныстырылымына шақырылған қонақтар жинала бастады. Таныстырылым Алматы қаласында "Қалыптан шығу уақыты келді!" ұрансөзімен өтті. Сондықтан жиналғандар Kaspi бұл жолы қазақстандықтардың күнделікті өмірін қалай жеңілдететінін асыға күтті.

"Бүгін біз Kaspi тарихындағы жаңа тарауды ашамыз!", – деді Михаил Ломтадзе.

Кештің басты жаңалығын жарияламас бұрын, Ломтадзе қазақстандықтардың қазір Kaspi Магазин арқылы сауданы қалай жүзеге асыратынын еске түсіруді ұсынды.

Бейнероликтегі кейіпкерден көптеген қонақтар өздерін бірден таныды: экрандағы бойжеткен дұрыс таңдау жасау үшін қосымшадағы парақшаларды қайта-қайта қарап, тауарлардың техникалық сипаттамалары мен пайдаланушылардың пікірлерін мұқият зерттеп отырады.

Фото: Kaspi.kz
"Тауар түрі неғұрлым көп болған сайын, сатып алушыдан соғұрлым көп күш-жігер талап етіледі. Дұрыс шешім қабылдау үшін ұқсас модельдердің ішінен ең жақсысын таңдап, басқа сатып алушылардың пікірлерін оқып, бағалар мен сатушыларды салыстыру қажет. Қарапайым әрі жылдам болуы тиіс сатып алу процесі шағын зерттеуге айналады. Сондықтан біз тағы да үйреншікті түсінікті өзгертуді жөн көрдік! Біз әрбір қазақстандыққа не қажет екенін жай ғана айтып, сол міндетті шешуге көмектесетін жеке AI-көмекші ұсынғымыз келеді!", – деп түсіндірді Михаил Ломтадзе.

Kaspi технологиялық жаңалықтарымен ғана емес, әсерлі таныстырылымдарымен де таңғалдыруды біледі. Михаил жаңа қызметті жариялаған сәтте қонақтарға кіреберісте таратылған ақ білезіктер бір мезетте көк түске ауысты. Сол сәтте әрбір қонақтың Kaspi.kz қосымшасында үлкен көзді, сүйкімді көк робот бейнесіндегі Kasper атты жаңа белгіше пайда болды.

Фото: Kaspi.kz

Kasper – Kaspi.kz ұсынған әрбір қазақстандыққа арналған жеке AI-көмекші. Оған өз қажеттілігіңізді қарапайым сөздермен сипаттап айтсаңыз жеткілікті. Kasper қосымша мәліметтерді нақтылап, күрделі техникалық сипаттамаларды түсінікті тілмен түсіндіреді, ұқсас модельдерді салыстырады, сатып алушылардың пікірлерін талдап, ең қолайлы нұсқаларды ұсынады.

Сахнада Михаил Ломтадзе Kaspi.kz-тің AI-көмекшісінің қалай жұмыс істейтінін тікелей көрсетті. Алдымен Kasper Михаилға әпкесіне сыйлық ретінде кофеқайнатқыш таңдауға көмектесті. Көмекші оның қандай кофені ұнататынын, кофемашинаны қаншалықты жиі пайдаланатынын және қандай функциялардың маңызды екенін нақтылап сұрады. Бірнеше қосымша сұрақтан кейін Kasper бірнеше модельді ұсынып, олардың бір-бірінен қандай ерекшеліктері бар екенін түсіндіріп берді.

Алайда келесі сұрақ AI-көмекші үшін нағыз сынақ болды:

"Сәлем! Тыңдашы, менің тоңазытқышым бұзылып қалды. Қазір күн ыстық, азық-түлік бұзылып кетуі мүмкін. Не істеуге кеңес бересің?", – деп сұрады Ломтадзе.
Фото: Kaspi.kz

Көпшілік AI бірден жаңа тоңазытқыш сатып алуды ұсынады деп күткен еді. Алайда Kasper жұртты таңғалдырды. Ол мәселенің мәнін дұрыс түсініп, ең алдымен азық-түлікті балғын күйінде сақтау үшін оларды мұзы бар термосөмкеге салып қоюға кеңес берді. 

Михаил тапсырманы одан әрі күрделендіре түсті:

"Сен менен 10 литрлік пе, әлде 30 литрлік сөмке керек пе деп сұрап тұрсың. Мен оны қайдан білейін? Тоңазытқышымда екі келі тартылған ет, алты келі ет, жұмыртқа, пияз бар, қысқасы, ертеңгі банкетке қажет дүниенің бәрі дайын тұр. Қандай сөмке қажет екенін өзің айтшы", – деді ол.

Kasper бірден жауап берді: "Мұндай көлемдегі азық-түлік үшін 10–15 литрлік сөмке жеткіліксіз болады. Сізге көлемі 25–30 литр болатын термосөмке және 3-4 килограмм дайын мұз қажет". Ал Михаил сөмкенің шұғыл қажет екенін нақтылаған кезде, Kasper үш сағат ішінде жеткізілетін ең қолайлы нұсқаларды ұсынды.

Фото: Kaspi.kz

Дәл осы сәтте жаңа сервистің жай ғана тауар іздеу құралы емес, пайдаланушының нақты мәселесін түсініп, ең тиімді шешімді табуға көмектесетін толыққанды көмекші екені анық байқалды.

Айтпақшы, жаңа AI-көмекшінің атауы да кездейсоқ таңдалмаған:

"Алғашында біз оны Kaspi Helper деп атадық. Бірақ білесіздер, Kaspi-де біз бәрін барынша қарапайым етуді жақсы көреміз. Сондықтан атауын қысқартып, нәтижесінде Kasper деген атау пайда болды", – деді Михаил Ломтадзе.
Фото: Kaspi.kz

Жаңа көмекшімен дауыс арқылы да, мәтін арқылы да сөйлесуге болады. Ол қазақ және орыс тілдерін бірдей жақсы түсінеді, әлі де оқып-үйреніп жатыр және алдағы уақытта жаңа мүмкіндіктерді меңгере түседі.

Kasper-ді алғаш болып тұсаукесер қонақтары сынап көру мүмкіндігіне ие болды. Жаңа AI-көмекші шілде айында Алматы тұрғындарына қолжетімді болады, ал кейіннен Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылады.

Әдеттегідей, таныстырылым барысында Kaspi туралы қызықты статистикалық деректер де айтылды. Михаил Ломтадзе компания бірнеше ай бұрын қолданысқа енген Kaspi Alaqan сервисінің алғашқы нәтижелерін бөлісті.

Фото: Kaspi.kz

Бүгінде алақан арқылы төлем жасау қызметін 1 миллионнан астам клиент пайдаланады. Осы қысқа уақыт ішінде қазақстандықтар Kaspi Alaqan көмегімен 20 миллион рет төлем жасаған.

Қазір Kaspi Alaqan сервисін Қазақстанның алты қаласында Kaspi-дің 15 мың серіктесі қолданады.

"Kaspi Alaqan сервисін іске қосқан кезде көпшілік оны болашақтың технологиясы ретінде қабылдады. Бірақ біз технологияны технология үшін жасамаймыз. Біздің мақсатымыз – сүйікті клиенттеріміздің оларды күн сайын пайдаланып, өмірін жеңіл әрі ыңғайлы ету. Бүгінде Kaspi Alaqan қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Бізге сенім артқан және өз тәжірибесін бөлісетін сүйікті клиенттерімізге алғысымызды білдіреміз", – деді Михаил Ломтадзе.

Михаил сондай-ақ Kaspi Магазин құру идеясы алғаш рет 2014 жылы пайда болғанын еске салды. Сол кезде оған компьютер мен принтер іздеп бірнеше дүкенді аралауға тура келген. Бүгінде Kaspi Магазин – электронды сауда саласындағы ең ірі платформалардың бірі. Ол 106 мың сатушыны біріктіріп, 20 миллионнан астам тауар ұсынады.

Фото: Kaspi.kz

Kaspi серіктестерімен бірге тауар ассортиментін үнемі кеңейтіп, ыңғайлы іздеу жүйесін дамытуға инвестиция салып келеді. Компания сүзгілерді жетілдіріп, тауарлардың егжей-тегжейлі сипаттамаларын, баға салыстыру мүмкіндігін, рейтингтер мен фотосурет арқылы іздеу функцияларын енгізді. Енді әрбір сатып алушының жеке AI-көмекшісі де болады.

"Бұрын жеке көмекшілер тек таңдаулы адамдарда ғана болатын. Біздің мақсатымыз – Kaspi.kz суперқосымшасындағы әрбір қазақстандықтың өз жеке көмекшісі болуы. Ол күнделікті міндеттерді әлдеқайда оңай әрі жылдам шешуге көмектеседі. Әңгіме тек сатып алып, сауда жасау ғана емес. Kasper – бұл алғашқы қадам ғана!", – дейді Михаил Ломтадзе.

Жаңа сервистің құпиясы ашыла салысымен, Михаил Ломтадзе көпшілікке тағы бір сұрақ қойды:

“Егер бүгін Kasper тауар таңдауға көмектессе, болашақта ол күнделікті өмірдегі тағы қандай міндеттерді шеше алады?”

Жұртшылық енді компанияның келесі таныстырылымын бұрынғыдан да үлкен қызығушылықпен күтетін сияқты. 

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 09:14