Каспий теңізі жыл сайын 30 сантиметрге дейін азайып жатыр – Мамандар

Каспий теңізінің тартылуын енді тоқтату мүмкін емес. Әзірбайжанның Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды қадағалау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Әлиаға Азизовтың айтуынша, теңіз деңгейі жыл сайын 20-30 сантиметрге төмендеп, кейінгі 30 жылда 2,5 метр азайған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әзірбайжанның Су ресурстарын пайдалану және қорғауды қадағалау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Әлиаға Азизов Каспий теңізінің тартылуын тоқтату мүмкін емес, ендігі міндет осы жағдайға бейімделу екенін айтты.
Оның сөзінше, зерттеулерге сәйкес, Каспий теңізінің су деңгейі 1990-жылдардың ортасынан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұған климаттың өзгеруі, теңіз алабындағы жауын-шашынның азаюы, ауа температурасының көтерілуінен буланудың күшеюі және теңізге құятын өзендердің су көлемінің кемуі себеп.
Маманның мәліметінше, кейінгі бес жылда Каспийдің деңгейі шамамен 1 метр, соңғы 10 жылда – 1,5 метр, ал соңғы 30 жылда – 2,5 метр төмендеген. Қазір теңіз деңгейі жыл сайын 20-30 сантиметр азайып жатыр. Бұл әлемдік мұхит деңгейінің көтерілу қарқынынан ондаған есе жоғары.
Азизов Каспийдің тартылуы порттардың жұмысына, кеме қатынасына, балық шаруашылығына, жағалаудағы туризмге және теңіздегі мұнай-газ инфрақұрылымына елеулі әсер етіп жатқанын айтты.
Бұған дейін Қазгидромет Каспий теңізі деңгейінің өзгеруіне қатысты екі сценарий ұсынған еді. Оптимистік болжам бойынша, теңіз деңгейі 2030 жылға қарай Балтық биіктік жүйесі бойынша –29,8 метрге, ал 2050 жылға қарай –32,4 метрге дейін төмендеуі мүмкін.
Ал пессимистік сценарийде 2030 жылға қарай деңгей –30 метрге, 2050 жылға қарай –34 метрге дейін түсуі ықтимал. Теңіз суының жағалаудан одан әрі шегініп, жағалау аумақтарының біртіндеп құрлыққа айналатынын білдіреді.
Еске салайық, бұған дейін экология министрі Ерлан Нысанбаев Каспийдегі мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасалса, теңіз құрғап кетеді деген ақпаратты жоққа шығарып, оны "бос сандырақ" деп атаған еді. Министр Каспий деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, теңіздің жақын арада жойылып кету қаупі жоқ екенін айтып, Қазақстан Каспийдің жай-күйін ғылыми тұрғыда зерттеу және қорғау жұмыстарын күшейтіп жатқанын мәлімдеген.
Оқыңыз