Нью-Йоркте 443 метр биікте ер адам қызына ұсыныс жасаған: Енді олар 1 жылға сотталуы мүмкін

Ресейлік руферлер Ангела Николау мен Иван Биркус Нью-Йорктегі әйгілі Empire State Building ғимаратының шпиліне заңсыз көтеріліп, сол жерде үйленуге ұсыныс жасаған. Әлеуметтік желіге жарияланған әсерлі сәттен кейін жұпты полиция ұстап, оларға бірнеше бап бойынша айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейлік руферлер Ангела Николау мен Иван Биркус Нью-Йорктегі Empire State Building зәулім ғимаратының шпиліне заңсыз көтеріліп, сол жерде үйленуге ұсыныс жасағанға ұқсайды.
Айта кетейік, руферлер – биік ғимараттардың шатырлары, мұнаралары мен шпильдеріне көбіне заңсыз көтеріліп, фото және видео түсіретін экстремалдар.
Мәліметтерге сенсек, 33 жастағы Ангела Николау мен 32 жастағы Иван Биркус ғимараттың ең биік нүктесіне "Махаббаттың күші билікке деген махаббатты жеңгенде, әлемде бейбітшілік орнайды" деген жазуы бар үлкен баннерді ілген.
Осыдан кейін Биркус бір тізерлеп отырып, Николауға сақина ұсынып, үйленуге ұсыныс жасаған. Екеуі төмен түсер алдында сүйіскен.
Жұп биіктігі 443 метр болатын ғимараттың төбесінде кемінде 10 минут болған. Олар бұған дейін де әлемнің түрлі елдеріндегі биік ғимараттарға заңсыз шығып жүргенімен танымал. Осы оқиғаларға арналған Skywalkers: A Love Story деректі фильмі 2024 жылы Netflix платформасында жарық көрген.
New York City Police Department екі адамның ұсталғанын хабарлады. CBS телеарнасының мәліметінше, оларға заңсыз басып кіру, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру, мүлікке қасақана зиян келтіру, бөтен аумаққа заңсыз ену және қоғамдық тәртіпті бұзу баптары бойынша айып тағылған.
Ғимарат әкімшілігінің өкілі бұл рұқсатсыз әрекет тұрғындар мен келушілерге қауіп төндірмегенін айтты. Сонымен қатар ол Empire State Building-дің ресми бақылау алаңы үйленуге ұсыныс жасау үшін қауіпсіз әрі есте қаларлық орын екенін еске салды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұп ғимараттың техникалық қызмет көрсетуге арналған 103-қабатындағы люк арқылы өткен. Бұл қабат келушілер үшін жабық болғанымен, оның астындағы 102-қабат туристерге ашық. Олардың 103-қабатқа қалай өткендігі әзірге белгісіз.
Шпильге шыққаннан кейін Биркус сүйіктісіне ұсыныс жасап, екеуі құшақтасып, сүйіскен. Сол сәтте Николау бетіндегі маскасын шешкен. Жұп оқиға кезінде әлеуметтік желіде де жазба жариялаған. Николау биіктен түсірілген бейнеролик пен Биркустың ұсыныс жасап тұрған сәтінің суретін бөлісті.
Полиция жариялаған бейнетіркегіш жазбасында тәртіп сақшысы арнайы баспалдақпен көтеріліп келіп "Сәлеметсіздер ме? Осы жерде тұра тұрыңыздар. Сіздерге мұнда болуға болмайды" дейді. Николау қолын көтеріп "Жақсымын" деп жауап береді. Полицейлер кейін олардан қай тілде сөйлейтіндерін сұрағанда, Николау "Орыс тілінде" деп айтқан.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың мамыр айының соңында польшалық экстремал Марсин Бано (BNT) таңғы сағат 05:00 шамасында Варшавадағы Polsat телеарнасының бас кеңсесінің қабырғасына қауіпсіздік белдігінсіз өрмелей бастаған. Ғимараттың күзет қызметі оны тоқтатуға тырысып, полиция шақырылатынын ескертіп, төмен түсуін талап еткен. Алайда Бано ескертулерге құлақ аспай, өрмелеуді жалғастырған. Ол 63 метр биіктіктегі ғимараттың төбесіне 13 минутқа жетер-жетпес уақытта көтеріліп шыққан. Оқиғаның одан арғы барысы белгісіз, өйткені видео оның шатырда күзет қызметкерлерімен кездескен сәтінде аяқталған. Марсин Бано бұған дейін де бірнеше елдегі биік нысандарға заңсыз өрмелеп танылған. Ол Париждегі Монпарнас мұнарасына, Вроцлавтағы әйгілі шпильге, Англиядағы Хамбер көпіріне көтерілген. Ал 2019 жылы Варшавадағы Marriott қонақүйінің төбесіне де ешқандай сақтандыру құралынсыз шыққан.
Вице-президент кім болуы мүмкін және қандай қызмет атқарады: Саясаттанушылар болжамын айтты
Оқыңыз