Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде 40°C-қа дейінгі аптап ыстық болады

нөсер жаңбыр
Фото: magnific.com

4-6 шілде аралығында Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. "Қазгидрометтің" болжамынша, елдің бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түседі, ал оңтүстікте шаңды дауыл соғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

4-6 шілде аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. "Қазгидрометтің" болжамынша, кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, қатты жел соғады. Ал батыс, орталық және оңтүстік-батыс аймақтарда ауа температурасы 40°C-қа дейін көтеріледі.

"Қазгидромет" синоптиктері 4, 5 және 6 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері елімізде белсенді циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.

Қай өңірлерде қатты жаңбыр жауады?

  • 4 шілдеде еліміздің солтүстік-батысында;
  • 4-5 шілдеде оңтүстік-шығыс пен орталық өңірлерде;
  • 5-6 шілдеде шығыс өңірлерде болады.

Еліміздің көп бөлігінде жел күшейіп, найзағай ойнап, бұршақ жауады, кей жерлерде екпінді жел соғады. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұрып, солтүстікте түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Жауын-шашынға қарамастан, ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды.

5-6 шілде күндері:

  • батыс пен орталық өңірлерде күндіз 35-39°C-қа дейін;
  • оңтүстік-батыста 40°C-қа дейін;
  • солтүстік-батыста 35°C-қа дейін ысиды.

Ал шығыс өңірлерде осы күндері 35-37°C-қа дейінгі аптап ыстық сақталады.

Еске салайық, бұған дейін "Қазгидромет" шілде айында еліміздің бірқатар өңірінде бірқалыпты құрғақшылық болатынын болжаған еді. Мамандардың мәліметінше, Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының кей аудандарында жауын-шашын аз болып, аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы кей жерлерде +40...+42°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Айым Атамбаева
Жұма, 03 Шілде, 2026 12:57