Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Университет емес, қаржы пирамидасы": Шымкентте 300 түлек дипломсыз қалды

Шымкентте лицензиясынан айырылған университеттің студенттері шу шығарды. Магистратураны бітірген 300-ден астам түлек қолдарына дипломдарын ала алмай әбден сергелдеңге түскен. Ал жоғары оқу орнының басшылығы мәселені шешуге мүлдем ынтасыз дейді. Оқу ордасының педагогтары болса, ақша жинауға келгенде алдарына жан салмайтынын айтып ашынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

студенттер

"Сабырдың да шегі бар" деген студенттердің университет ғимаратын жағалап жүргендеріне бір айдың жүзі болған. Ондағы бар көздегендері қолдарына бір парақ дипломдарын алу. Алайда оның өзі жырға айналып кеткен. Егер магистрант екенін дәлелдейтін құжаттарын ертерек алмайтын болса, жұмыс орындарындағы қосымша үстемақыдан қағылмақ.

"Диплом керек кезде келсек басшылары жауап бермейді. Күте тұрыңыздар, сабыр сақтаңыздар карантин деп жауып қойды. Бұл жерде сандалып жүрген 176 магистрант бар. Енді аяқ жағына жеткен кезде ешкім жауап бермейді. Не zoom арқылы да жауап берген жоқ, басшылары ескерткен жоқ. Біз қайта-қайта келе берген соң бізге смс келді. Ол жерде университеттің лицензиясын алып қойған себебінен, дипломдарыңызды күте тұрыңыздар. Басқа универистетпен қосылатындай қыламыз делінген", – дейді магистрант Камалбек Махмудов. 

Тіпті педагогтар қит етсе ақша жинауды әдетке айналдырып алғанында айтты. Яғни сессиядан бастап дипломдық жұмыстардың өзін мұғалімдер оңды-солды сатып келгенін жасырмай жайып салды.

"Бізден кураторлар талап етіп отырды. Біз сол ақшаларды соларға аударамыз. Практика үшін, диплом қорғау үшін, сессия үшін, рейтинг үшін, диссертацию үшін, силабус үшін соның бәрі ақылы жүрді. Бұл жерде қарап тұрсаң, нағыз “Мирас пирамида” болып жатыр қазір. Білім беру пирамидасы", – дейді магистрант Нұрғайша Достаева. 

Магистранттар бас көтергеннен кейін жеке меншік университеттің вице-президенті арнайы кездесу ұйымдастырды. Алайда жоғары оқу орнының лицензиясынан айырылып қалғанын сылтау еткен басшы мәселені шешуге барымызды салып жатырмыз деп ақталып бақты. Ал жөн-жосықсыз ақша жинау бойынша мүлдем хабарым жоқ деп жылы жауып қоя салды.

"5-ші тамызда біздің университетімізге қатысты апеляциялық тыңдау өтеді. Соған байланысты студенттердің қайсы жоғары оқу орнының дипломын алатыны белгілі болады. Егер сот біздің шағымды қанағаттандырмаса, басқа университеттермен сөйлесіп, студенттерге диплом алып беруге тырысамыз", – дейді Мирас университетінің жедел басқару вице-президенті Ақмарал Даниярова.

Қазір университеттен диплом ала алмай жүрген магистранттар саны 300-ден асқан. Олардың дені Алматы, Тараз және Шымкент қаласынан. Олардың талабы біреу ғана, яғни 15-ші тамызға дейін дипломдарын қолдарына алу. Ал олардың қойған талаптары қаншалықты орындалары әзірге беймәлім күйде қалып отыр.

Талқылау