Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістан COVID-19 бойынша әлемде рекорд орнатуда: мәйіттерді көшенің ортасында өртеп жатыр

Үндістандағы коронавирустың таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай күн санап өршіп барады. Мұнда күн сайын жүз мыңнан астам адам індетті жұқтыруда. Денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіп, ауруханаларда орын мен оттегі, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Үндістанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осымен төртінші күн қатарынан мемлекетте науқастардың рекордтық саны тіркелуде: соңғы тәулікте елде коронавирус жұқтырған 349,6 мың адам анықталыпты. Бұл пандемия басталғалы бері елдегі ең үлкен көрсеткішке айналған. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди аурудың таралуын алапат дауылға теңеді. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Нью-Делиде әрбір төрт минут сайын бір адам коронавирустан көз жұмады екен. Ал жалпы алғанда бір күнде екі мың адам індеттің құрбанына айналуда. 



Көптеген науқастар дәрігерлерге жету үшін алыс жол жүріп, сағаттап аурухана алдында отыруға мәжбүр. Ел астанасы Делидің өзіндегі жансақтау бөлімдерінде 5000 жуық төсек-орындар тапшылығы байқалуда.

Бұған қоса, науқастардың туыстары жақындарын оттегімен қамтамасыз ету мақсатында ауыр баллондарды арқалап, оттегі стацияларының табалдырығын тоздыруда. Ал қара нарықтағы оттегі баллондарының бағасы тіпті шарықтап тұр. 

Мемлекет тарапы оттегі қолданатын мұнай және одан басқа шикізат өндіруші зауыттардың жұмысын тоқтату туралы қарастыруда. Үнемделген оттегі ауруханаларға жөнелтілмек. 

Елдегі эпидемиолгиялық ахуалдың ушығуына екі рет мутацияланған коронавирустың түрі ықпал етуде. Сол себепті де кейбір мемлекеттер үндістандықтардың елге келуіне шектеу қойған, АҚШ-та тіпті вакцина салдырғандарды да мемлекетке кіргізбейді. 

Айта кетсек, индуизм бойынша мәйітті өртеуге ғана рұқсат етіледі. Ал коронавирустан көз жұмғандардың көптігінен мүрделер көшелерде жағылып жатқан көрінеді. Бұған себеп  - кремацияға арналған пеш мәйіттердің көптігін көтермей бүлінуі. Мәселен, Гуджарат штатында газ және отын қолданылатын кремациялау пештері көз жұмғандардың мүрделерін тоқтаусыз отқа жаққандықтан тұтастай деформациялануда. 

Сарапшылардың пікірінше, індеттің өрши түсуіне вакцинациялау қарқынының төмендігімен қоса, елдегі халық жаппай жиналатын діни, саяси және спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылуы түрткі болуда. Мысалы, Кумбха Меледе көпшілікпен дұға ету рәсіміне миллиондаған индуист жиналса, Ганг өзеніне шомылу рәсімінде ешкім әлеуметтік қашықтық сақтамай, маска тақпаған. 

Талқылау