Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміржол бойында жалғыз жүрген 4 жасар баланың анасы жауапқа тартылды

Пойыз машинисі мен бала
Фото: ҚТЖ

Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланың ата-анасы табылды. Баланың анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Үштөбе станциясындағы көлік полицейлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізген.

“Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамау дерегі бойынша анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды”, – деп хабарлады ведомство.

Көлік полицейлері теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін еске салып, ата-аналарды кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында далада жалғыз жүрген 4 жасар баланы пойыз машинисі құтқарып қалғаны хабарланған еді. Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе бағытындағы Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған. Жүк пойызының машинисі теміржолға жақын жерде жалғыз келе жатқан төрт жасар баланы байқап қалған.

Машинист пойызды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына мінгізген. Кейін оны Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырған.

Stan.kz
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 13:36