Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістанның премьер-министрі коронавирустың жаңа толқынын "қатты дауылға" теңеді: Әлем елдері көмекке асығуда

Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди коронавирус инфекциясының жаңа толқынын "қатты дауылға" теңеді. Әлем елдері жаппай Үндістанға көмектесуге асығып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Коронавирустың алғашқы толқынына сәтті қарсы тұрғаннан кейін, ел ынта-жігер, өзіне деген сенімділік пайда болды, бірақ жаңа толқын елді қатты дауыл сияқты соғып өтті", - деді Нарендра Моди Үндістан халқына үндеуінде.

Премьер-министр Үндістанда жаппай вакцинация 1 мамырда басталатынын еске салды. Вакцинаны 18 жастан асқан әрбір адам ала алады. Елде  үш вакцина егіледі: Covieshield (AstraZeneca вакцинасының үнділік нұсқасы), Covaxin (Үндістанның вакцинасы) және ресейлік "Спутник V"вакцинасы.

Естеріңізге сала кетейік, Үндістанда коронавирустың B. 1.618 атауын алған жаңа түрін анықтады. Үштік мутация Батыс Бенгалияда табылды. COVID-19-дың жаңа үнділік нұсқасына байланысты бірнеше елдер Үндістанға рейстерді тоқтатты.

Жалпы, елде 16,9 миллионнан астам адам COVID-19 жұқтырды. 14 миллионнан астам адам сауығып,  192 мың адам көз жұмды.

Айта кетейік, Үндістанда қалыптасқан жағдайға байланысты әлем елдері көмекке дайын екенін мәлімдеп жатыр.

АҚШ президенті Джо Байден Twitter-де былтыр пандемияның алғашқы кезеңінде Үндістан Америка Құрама Штаттарына көмек көрсеткенін, ал қазір АҚШ көмекке келуге дайын екенін жеткізді.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ та Үндістанға қолдау көрсететінін хабарлады.

"Мені Үндістандағы эпидемиологиялық жағдай қатты алаңдатады. Біз қолдау көрсетуге дайынбыз. ЕО Үндістанның ЕО-ны азаматтық қорғау механизмі арқылы көмек сұрауына жедел жауап беру үшін ресурстарды біріктіреді", - деп жазды Еуропалық комиссияның басшысы Twitter-де.

Германия канцлері Ангела Меркель төтенше көмек көрсету шаралары туралы айтты. 

"COVID-19 әкелген ауыр азапқа байланысты Үндістан халқына көңіл айтамын. Пандемиямен күрес-біздің ортақ күресіміз. Германия Үндістанмен ынтымақтасады және шұғыл түрде қолдау миссиясын дайындайды", - деді канцлер

Ал Ұлыбритания Үндістанға оттегі концентраторлары мен желдеткіш аппараттарды жіберді.

Талқылау