Тойға барамын деп өлім құшуда: Коронавируспен ауырған қазақстандықтар оқиғаларын айтты

Қазақстандықтар коронавирусты жасырын түрде жасалып жатқан тойларда жұқтыруда. Алайда жасырын той жасау әлі де тоқтар емес, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Коронавирустан ем алып жатқан науқастардың бірі журналист Арман Каримов жанында жатқандардың басым бөлігі вирусты мерекелік іс-шарада, отбасылық кештерде жұқтырғанын айтады. Ол тіпті өзінің де қалай инфекция жұқтырғанын біледі. 

"Мен қазір орталық клиникалық ауруханада жатырмын. Наурыздан кейін ауруханаға түстім. Бірақ вирусты одан бұрын жұқтырғанмын. Шамамен вирусты дәріханада жұқтырып алған сияқтымын. Мен жөргек алуға барғанмын. Сол кезде түрі көгеріп кеткен ер адамда кезекте тұрған. Өзін нашар сезініп тұрған еді. Менің ойымша сол кісі коронавируспен ауырған. Өйткені вирусқа қарсы дәрілер сатып алды", - дейді ол. 

Сонымен қатар, Арман Каримов ауруханадағы қазіргі жағдай мәз емес екенін жеткізді. Мерекелік іс-шараларға барып, бүкіл отбасын жұқтырғандар өте көп екенін айтады ол. 

"Ауруханада адамдар жеке-жеке палатада жатыр. Бірі оттегімен тыныс алып жатса, енді бірі дәрігер жазып берген препараттарды қабылдауын жалғастыруда. Барлық бөлмелер жабық. Бұл жерде ауырып жатқандар вирусты екі жолмен жұқтырған. Бірінші жолы - өздері әртүрлі кештерге, тойларға барған. Екінші жолы - жақындарынан жұқтырған. Бұл мәселеге мән беру керек. Айыппұл көлемін де арттыру қажет", - дейді Арман Каримов. 

Ол бір палатада жатқан науқастардың вирусты қалай жұқтырғаны туралы бірнеше оқиғамен бөлісті. 

"Ата мен әже 30-50 адам жиналған қоныс тойға барыпты. Үш күннен кейін ауырып, жедел жәрдем шақырған. Қателеспесем жедел жәрдем келмепті. Үш күннен кейін атасы тыныс жетіспеушіліктен көз жұмыпты. Ал әжей қазір ем алып жатыр", - дейді ол. 

Тойға бармаса да, барларда қыдырып жүрген жас жігіт те ата-анасына вирус жұқтырып, қазір өзі ауруханада жатқан көрінеді. 

"Тағы бір бала лаунж-барларға барып жүрген. Барлығы ашық, жасырын жұмыс істеп жатыр дейді. Достарымен барға барамын деп ата-анасына және тағы бір досына вирус жұтырыпты", - дейді Каримов. 

Ауырғандардың арасында тойға барғысы келмесе де, "ұят болады" деп бүкіл отбасының өмірін қауіпке тіккендер де бар. 

"Бану есімді қыз Талғарда жасырын түрде өткен құрбысының ұзатуына барыпты. Тойға барып келгеннен кейін үйіндегілердің барлығына вирус жұқтырған. Бану тойға барғысы келмепті. Бірақ ең жақын құрбысы ұзатылғандықтан, көңілін қалдырмаған", - дейді журналист. 

Науқастардың басым бөлігі жасырын тойларға, рұқсат етілмеген іс-шараларға, адам көп жиналған жерге өздері барғанын айтып ашынған журналист бұлай жалғаса берсе, жағдай жақсармайтынын түсіндірмек болды. 

"Бұл қарқынмен шілде айындағы жағдайға қайтадан жетеміз. Ол кездері мәйітханалардың өзі толып кеткен еді. Дәрігерлерге арнайы киіммен жүру өте қиын. Қазір күн жылынатын болса, тіпті қиынға соғайын деп тұр. Сондықтан, өздеріңізді күтіңіздер, вирусты үйге тасымаңыздар. Өміріңізде бұл тойдан басқа той болмайтындай барлық жерге бара берудің қажеті жоқ", - дейді Арман Каримов. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр