Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет жол жөндеу тендерінде сөз байласқан компаниядан 495 миллион теңгеден аса ақша өндіріп алды

тендр келісім ақша
Фото: magnific.com

Қазақстанда автомобиль жолдарын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысқан екі компанияның өзара сөз байласқаны сотта дәлелденді. Салдарынан "NNC Group" ЖШС-не 92 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекетке 403 миллион теңгеден астам монополиялық табысты қайтарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Атырау облысы мен Астана қаласындағы аумақтық департаменттер "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жол жөндеу жұмыстарына арналған мемлекеттік сатып алуына байланысты тексеру жүргізген”, – деп мәлімдеді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Тексеру нәтижесінде конкурсқа қатысқан "NNC Group" және "Бірлік Жол Строй" компанияларының арасында картельдік келісім болғаны анықталған. Ведомство мұндай әрекеттер Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына қайшы келетінін мәлімдеді.

Екі компания да тергеу қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бастапқыда олардың талаптарын қанағаттандырмаған. Алайда кейін "NNC Group" ЖШС кассациялық тәртіппен шағым түсіріп, іс қайта қарауға жіберілген.

Қайта қарау барысында сот монополияға қарсы органның шешімін қолдады. Нәтижесінде 2026 жылғы 4 тамызда Атырау облыстық соты жүргізілген тергеудің заңдылығын растады. Осылайша, екі жылға жуық уақытқа созылған сот дауы аяқталды.

Сот шешімімен "NNC Group" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, компанияға 92 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, мемлекет кірісіне 403 миллион теңгеден астам монополиялық табыс өндіріп алу белгіленді. Екі соманы қосқанда, компания төлейтін қаражат 495 миллион теңгеден асады.

Компания бұл шешімге тағы да шағымданған. Алайда 2026 жылғы 2 қыркүйекте Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы шағымды қанағаттандырмады.

Ал екінші компания – "Бірлік Жол Строй" ЖШС-не қатысты іс Астанада қаралған. 2025 жылғы 11 тамызда сот серіктестікті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, табысының 3%-ы көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ компанияның монополиялық табысын тәркілеу туралы шешім шықты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Бірлік Жол Строй" ЖШС салынған айыппұлды толық төлегенін атап өтті. 

Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" екі жол жобасына қатысты 10 миллиард теңгеге жуық қаражат қайда кеткенін айтып, түсіндірген еді. Бірінші жоба М-32 "Ресей Федерациясының шекарасы (Самараға қарай) – Шымкент" автожолының 1153-1240 шақырым аралығындағы учаскесін орташа жөндеуге және екінші жоба А-34 "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолының 179-229 шақырым аралығындағы учаскесін күрделі жөндеуге қатысты болды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 16:28