Украинадан шыға алмай қалған жүк көлігінің жүргізушілері елге оралатын болды
Украина аумағында қалып, үйлеріне орала алмаған қазақстандық жүк тасушылар отанына қайтып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 23 жүк көлігі Қазақстанға қайтып келе жатқанын хабарлады. Польшамен шекарада тағы жеті жүк көлігі кезекте тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
жүргізушілер/ видеодан скриншот
Ауыр жүк көліктері Украинадағы әскери қақтығыс аймағында қалып қойғаны туралы жүргізушілердің өздері хабарлады. Олар өздерінің мекенжайларын аймақтық кәсіпкерлер палаталарына жіберіп, Отанына қауіпсіз жағдайда оралуға көмектесу жайлы видео хабарламалар жіберді. Барлығы 56 ауыр жүк көлігі тұрып қалған. Жүргізушілердің азық-түлігі мен жанармайы таусылған. Ал кейбіреулерін тіпті тонап үлгерген.
Белгілі болғандай, дипломаттар мен шенеуніктердің көмегімен олардың жартысынан көбі үйлеріне қайтып жатыр. Қалғандары Украина аумағында қалады. Гуманитарлық тауарларға арналған "Жасыл дәліз" ашылғаннан кейін оларды өткізеді деп шешкен.
“Қазақстанның барлық жүргізушілері атынан Польша елшілігіне еш кедергісіз, визасыз, рұқсатсыз олардың аумағынан өтуге көмектескені үшін үлкен алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ "Атамекенге", ел үкіметіне, Украина елшілігіне үлкен рахмет”, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Вадим Литвин.