Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тың өтінішінен кейін Украина Қазақстан мұнайы тиелген танкерлерге шабуыл жасауды тоқтатты – БАҚ

танкер
Фото: Amirhosein Khorgooi/ISNA via AP

Украина Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портын пайдаланып, мұнай тасымалдайтын танкерлерге дрондармен соққы беруді тоқтатты. Бұған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтініші себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, АҚШ тарапының мұндай өтініші өткен айда айтылған. Бұған Вашингтонның Украина әрекеттері мұнай нарығындағы тұрақтылықты бұзып, Қазақстаннан Каспий құбыр консорциумының (CPC) Новороссийскідегі терминалына құбыр арқылы жеткізілетін мұнайды тасымалдайтын танкерлерге соққы жасау арқылы америкалық компанияларға зиян келтіріп жатқаны себеп болған.

АҚШ әкімшілігі Каспий құбыр консорциумын Ресейдің энергиямен жабдықтауына балама ретінде қызмет ететін, еуропалық нарықтарға қазақстандық энергетикалық ресурстарды жеткізудің маңызды арнасы ретінде қарастырады.

Вашингтонның бұл бағытқа ерекше қызығушылығы ішінара америкалық бизнестің болуына байланысты. Chevron және ExxonMobil компаниялары КҚК-да үлестерге ие және осы бағытты пайдаланатын қазақстандық кен орындарын игеруге қатысады.

Украина Ресейге қатысы жоқ кемелерге шабуыл жасамауға келіскен. Алайда бұл кемелер Украина санкцияларына ілікпеген және ресейлік мұнай немесе ресейлік жүк тасымалдамаған болуы керек.

Соңғы уақытта Украина күштері Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына және басқа да нысандарына жасалған соққыларын күшейтті. Киевтің мәлімдеуінше, мұндағы мақсат — Ресейдің әскери операцияларын қаржыландыруға жұмсайтын ресурстарын азайту.

Төрт дереккөздің мәліметінше, шілде айында Қара теңіздегі дрон шабуылдары Каспий құбыр консорциумы арқылы тиелетін мұнай көлемінің бестен бір бөлігіне дейінгі мөлшеріне әсер еткен. Осылайша, Ресей-Украина соғысы Қазақстан мен Батыстың ірі мұнай компанияларының мұнай сатылымына да кері әсерін тигізді.

Қазақстан мұнай экспортының негізгі бөлігін Каспий құбыр консорциумы бағыты арқылы жүзеге асырады. Дереккөздердің айтуынша, шілдеде елдегі мұнай өндіру көлемі маусыммен салыстырғанда 14% төмендеген.

Бұдан бөлек, 23 шілдеде КТК теңіз терминалындағы тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, соның салдарынан мұнай өндіру көлемі төмендеген болатын. Ал 27 шілдеде КТК мұнай қабылдауды қайта бастағаны хабарланған еді.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 14:40