Үкімнің күшін жоюды сұраған: Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін сотталған Шерхан Аймахан аппелияцияда не талап етті
Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның адвокаттары сот шешіміне аппелияциялық шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушілердің адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, сотталушының қорғаушысы “кісі өлтіру” бабының қайта саралануын және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының күшін жоюды сұраған.
“Шағымда, сотталған Аймахан Шерханды ҚК-нің 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша ақтауды, сондай-ақ адам өлтіруді Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5)тармағынан, 99-бабының 1-бөлігіне ауыстыруды сұрап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды сұраған. Яғни, Нұрай Серікбайды некеге тұруға мәжбүрлемеген және оны аса қатыгездікпен өлтірмеген - деп алға тартып отыр!”, – деп жазды Аянхан Омаров желідегі жазбасында.
Заңгер бұл шағыммен келіспейтінін, бірінші сатыдағы соттың шығарған үкімі әділ болғанын және өзгеріссіз қалуы тиіс екенін атап өтті.
Жазба қолданушылардың наразылығын туғызды. Пікірлерде қазақстандықтар қорғаушы тараптың қылмысты неғұрлым жеңіл бапқа қайта саралауға қандай негізде тырысып жатқанын түсінбейтіндерін жарыса жазды.
Еске салсақ, 13 тамыз күні өткен сот отырсында сот айыпталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Шерхан Аймахан қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру, 125-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы – сталкинг бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол 25 миллион теңге моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді