Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі зейнетақы жинақтарынан комиссия алмайтын болды

Зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі уәкілетті оператор болып тағайындалған жағдайда, банк Қазақстан азаматтарынан осы жинақтарды есепке алу және аудару бойынша туындайтын операциялардың комиссиясын алмайды. Бұл туралы «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Аталған мәселеге байланысты біздің банкке жүктеліп отырған аса маңызды әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып, Тәуелсіздік күні қарсаңында отандастарымызды қуантқымыз келеді: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағым шоттарын ашу және жүргізу, сондай-ақ, бұл жинақтардың белгілі мақсатта жұмсалуы үшін аударым жасау бойынша белгіленген барлық комиссияны нөлге теңестірді. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі БЖЗҚ-дан аударылатын бір реттік зейнетақы төлемдерін қабылдау және есепке алуға қатысты агенттік қызметтерін көрсеткені үшін де комиссия алмайды", - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова. 

Жаңа жылдан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, ипотека өтеу немесе емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. 

Қолданыстағы ипотеканы жабу немесе жаңа ипотека рәсімдеу тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жүрмейді, мұны кез келген қазақстандық банкте жасауға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде анықталады, онлайн-форматта өтініш беруге арналған «бір терезе» және зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы ақпаратты жинақтап, өңдейтін орталық болады деп жоспарланып отыр. Ал өтініш қабылдауға арналған онлайн-сервис 2021 жылдың басында іске қосылып, қазақстандықтар оны пайдалануды бастап кетеді деп күтілуде. Азаматтар электронды-цифрлы қолтаңба көмегімен арнайы порталға кіріп, қолжетімді зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. 
Бұл ретте зейнетақы жинағын толықтай жұмсау қарастырылмағанын айта кету керек: әр жас бойынша белгіленген жеткілікті сома шегі бар. Бұл – Қазақстан азаматына зейнетке шыққан соң қажет болатын минимал жинақ көлемі. Осы шектен асқан зейнетақы жинағы сомасын (жеке табыс салығы алынған соң) көрсетілген мақсаттарда пайдалануға болады. 

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

Талқылау