Тұрғымбаев блок-бекетте жарақат алған қызметкердің жағдайын білді
ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы блок-бекетте жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған қызметкер жатқан ауруханаға барды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Министр №7 қалалық клиникалық ауруханаға зардап шеккен полиция қызметкері аға лейтенант Ербұлан Сейдазымның халін білді.
Дәрігерлер оның“BMW” автокөлігінің блок-бекетке соғылуының салдарынан жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанын жеткізіпті. Бұған қоса қызметкердің миына ауыр зақым келген.
ІІМ басшысы дәрігерлер консилиумына қатысқан көрінеді. Ақ халаттылар жарақаттанған азаматтың халі ауыр, десек те оның өміріне төнетін қауіп жоқ екенін айтыпты.
Дәрігерлермен әңгімелескен Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерінің тез арада сауығып кетуін тіледі.
Еске салайық, екі полицейдің өліміне себеп болған Алматы блок-бекеттіндегі жол апатынан тағы бір қызметкер зардап шеккені белгілі болған еді. Жарақаттанған азамат - есірткі бизнесінен қарсы басқармасының қызметкері Ербұлан Сейдазым болып шықты.
Бұған дейін Алматы әкімі қаза тапқан екі полицейлердің отбасыларына пәтер берілетінін айтқан болатын.